Categories Жайық news

Қостанай облысында тыңайтқыш алудың ыңғайлы тәсілі енгізілді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Биыл өңірде 5 млн гектар алқапқа тұқым себу жоспарланған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ауылшаруашылық құрылымдары бүгінге дейін егіс алқабының 97 пайызына дән сеуіп алған. Биыл дәстүрлі дақыл бидайға қарағанда анағұрлым бағалы әрі нарықта жоғары сұранысқа ие майлы, бұршақты дақылдың көлемі едәуір ұлғайып отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Диқандар көктемгі ауа райы шаруашылыққа қолайлы болды деп отыр. Мәселен, алқап жұмысын елден бұрын аяқтаған Қостанай ауданындағы «Борис Романовский» серіктестігі 10 мың гектардан аса алқапқа тұқым сепкен. Оның 5,5 мың гектарын бидай, 5 мың гектарын майлы дақыл алып жатыр.

«Биыл топырақ ылғалы жақсы. Оның үстіне парлап, тұқымның ойдағыдай өніп-өсіп, жетілуіне қажет заманауи технология мүмкіндіктерін пайдаландық. Күнбағыс, рапс, жасымық, зығыр тәрізді маржиналдық дақылдарға тыңайтқыш шаштық», дейді серіктестіктің басқарма директоры Қанат Орынбасаров.

Аталған серіктестік өткен жылы жоғарғы өнімге қол жеткізіп, гектарына 27 центнерден бидай, 24–25 центнер майлы дақыл алған. Элиталы бидай тұқымын өндіретін өңірдегі 36 ірі шаруашылықтың бірі саналатын «Борис Романовский» ЖШС кейінгі жылдары малдың қиын жаңбыр құрты арқылы өңдеп, қарашірікке айналдырып, құнарлы табиғи тыңайтқыш ала бастады.

«Калифорниялық құрттарды пайдалана отырып, толықтай органикалық негізде сұйық тыңайтқыш əзірлеп жатырмыз. Төрт күнде 10 мың литр алуға болады. Біз мұны төрт жыл бойы ғылыми сынақтан өткізіп, биылдан бастап толықтай бизнеске енгізе бастадық», дейді жоба авторы Наурызбек Бірмағамбетов.

Серіктестік басшысы Алдабер­ген Жұмағұловтың айтуынша, биогумус арқылы бір гектар алқаптан алынатын өнім көлемін үш центнерге дейін арттыруға болады.

«Былтыр гектарына 27 центнерден өнім алуымызға да осы табиғи тыңайтқыштың септігі тиді. Біз бұл биостимуляторды тұқымды дəрілеу барысында, кейін тұқым өніп, өсіп-жетіле бастаған кезде пайдаланамыз. Біз өз тыңайтқышымызды ресейлік, испандық өнімдермен салыстыру үшін химиялық зертханаға жіберіп көрдік. Талдау нәтижесі, өзіміздің биостимулятор олардан бір мысқал кем емес екенін көрсетті. Тіпті кейбір тұста химиялық тыңайтқыштан асып түседі. Мұның сыртында шетелдің тыңайтқышы қымбат, химиялық жолмен жасалатын қымбат өнімге ақша шығындағанша, табиғи жолмен алынатын төл өнімімізді пайдаланайық деп шештік», дейді шаруашылық басшысы.

Әдетте маусымдық қарбалас кезінде шаруалардың жеткізе алмай жатқан жері болса мемлекет көмекке келеді. Агроөнеркәсіп кешені бұл жолы да мемлекет қолдауынан кенде қалып жатқан жоқ. Мәселен, жергілікті ауылшаруашылық тауарын өндіру­шілер биыл «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 86,5 млрд теңге жеңілдетілген несие алған. Несие мерзімі жарты жыл болса, борышкер 2,5 пайыз, бір жыл болса 5 пайыз жылдық өсімпұл төлейді.

Биыл өңір шаруашылықтарына «Азық-түлік корпорациясы» арқылы іске асырылып жатқан форвардтық сатып алу бағдар­ламасы бойынша 16 млрд теңге көлемінде несие берілген.

Ұқсас жазбалар

Астанада арзан ет сатамын деп 3 млн теңге жымқырған ер адам ұсталды

Астанада криминалдық полиция 38 жастағы ер адамды ұстады, ол базарларда арзан ет сатамын деп алдап,…

Облыс делегациясы мұнай-химия өндірісінің озық тәжірибелерімен танысты

Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев бастаған батысқазақстандық делегация Қытай Халық Республикасының Ляонин провинциясына жасаған жұмыс сапары…

БҚО мен Германия арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды   

Батыс Қазақстан облысы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қалияр Айтмұхамбетов Германия Федеративтік Республикасының Алматы қаласындағы Бас…