Сурет: Egemen Qazaqstan
11 маусымда Астанада Phygital Contenders Astana 2026 халықаралық турнирінің екінші жарыс күні аяқталды. Жарыстар «Алау» мұз сарайы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы және Comfort Hotel Astana алаңдарында өтіп жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Квалификациялық жарыстың келесі кезеңіне жолдама алу үшін командалар үш бағытта: Phygital Football, Phygital Basketball және Phygital Dancing бойынша сынға түсті. Күн қорытындысы бойынша командалық турнирлердің келесі кезеңіне өткен қатысушылар мен би бағытындағы алғашқы абсолютті чемпион анықталды.
Топтық кезең сегіз матчтан тұрды, олар іріктеу серияларына және жеңімпаздар матчына бөлінді. Баскетбол бағытында сегіз кездесу өтіп, Triada, MINSK, Vozdovac және ZM NITUI клубтары көш бастады. Comfort Hotel Astana қонақүйінде фиджитал-биден финалдық жарыстар өтті, турнир Best of Three жүйесі бойынша ұйымдастырылды.
Phygital Contenders Astana 2026 турнирі Астанада өтетін маусымның басты оқиғасы – Болашақ ойындары 2026 (Games of the Future 2026) турниріне ресми іріктеу кезеңі мәртебесіне ие. Жарыстар цифрлық және физикалық пәндерді бірыңғай ұпай жүйесі аясында біріктіреді. Ұйымдастырушылар бұл бағытты Phygital International және Дүниежүзілік Phygital қауымдастығының (WPC) қолдауымен дамытуда. Phygital Contenders сериясындағы турнирлерде сәтті өнер көрсету командаларға Болашақ ойындары 2026 (GOTF 2026) жарысына қатысуға үміткер болу мүмкіндігін береді.
Турнир 10-14 маусым аралығында өтеді, бағыттары – фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, фиджитал-би. Ұйымдастырушы: «Қазспортинвест» АҚ, құқық иесі: Phygital International.

