Сурет: kaz.nur.kz
Биыл елімізде жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты кезекті рақымшылық науқаны жүргізіледі. Бұл жолы қылмыстық жауапкершілікке тартылғандармен қатар, әкімшілік баптармен істі болғандар да кешірімге ілігеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Сенатор Мұрат Қадырбектің айтуынша, «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға байланысты рақымшылық жасау туралы» заң Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген. Конституциялық дамудың жаңа кезеңі әділдік, ізгілік, заң үстемдігі мен адам қадір-қасиетін құрметтеу қағидаттарын бекітті. Осыған орай, қаупі жоғары емес құқықбұзушылықтар жасаған адамдардың түзелуі мен қоғамға қайта бейімделуіне мүмкіндік беру туралы шешім қабылданды.
«Рақымшылық – жауаптылық қағидатынан бас тарту емес, нақты жағдайларда қолданылатын ізгілік актісі. Ол еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңімен байланысты. Мақсаты – қылмыстық саясатты қайта қарау емес, бір реттік құқықтық шешім», – деді М.Қадырбек.
Заңға сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыс жасағандар, сондай-ақ залал келтірмеген немесе оны толық өтеген, азаматтық талап қойылмаған ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдар қылмыстық жауапкершіліктен немесе негізгі жазадан босатылады. Ауырлығы орташа қылмыстар жасаған сотталғандардың өтелмеген жаза мерзімі жартылай қысқартылады.
Жазасын өтеп жатқан немесе орындамаған адамдарға негізгі жазасының өтелмеген бөлігі залалды толық өтеген жағдайда ауыр қылмыстар үштен бірге, аса ауыр қылмыстар төрттен бірге қысқартылады. Басқа санаттардағы сотталғандарға ауыр қылмыстар төрттен бірге, аса ауыр қылмыстар бестен бірге қысқартылады.
Ең ауыр қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершіліктің бұлтартпастық қағидаты сақталады. Сыбайлас жемқорлық, террористік, экстремистік, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар, адамдарды азаптау, өмір бойына бас бостандығынан айыру, адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, мемлекетке опасыздық жасау және басқа аса қауіпті қылмыстар жасаған сотталғандарға кешірім болмайды. Заңның 3-бабында рақымшылық қолданылмайтын қылмыстық құқықбұзушылықтардың тізімі нақты айқындалған.
Еліміздің тарихында алғаш рет қылмыстық рақымшылықпен қатар әкімшілік рақымшылық та жүргізіледі. Бұған дейін мұндай тетік республикалық деңгейде қолданылмаған. Азаматтар, жеке кәсіпкерлер, нотариустар, сот орындаушылары, адвокаттар, заң консультанттары әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін заң қолданысқа енгізілгенге дейін орындалмаған айыппұлдан босатылады.
Науқан аясында 16 мыңнан аса адам қылмыстық және әкімшілік рақымшылыққа ілінеді деп күтілуде. Заңмен рақымшылықты қолдану шарттары мен тәртібі реттеледі.
Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасына түзетулер рақымшылықтың тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуге, ал Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске түзетулер рақымшылық актілерін іске асырудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі, құқықбұзушылық профилактикасы мәселелері бойынша түзетулер «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссияны құруды көздейді.

