Categories Ақорда

Олжас Бектенов «Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасының отырысын өткізді

Сурет: Үкімет

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы тауар айналымы $45 млрд-қа жетті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Премьер-министр Олжас Бектенов «Қазақстан – Еуропалық Одақ» диалог платформасының 19-шы отырысын өткізді. Оған Еуропа елдерінің дипломатиялық миссияларының басшылары, ірі шетелдік бизнес-қауымдастықтар мен компаниялардың өкілдері қатысты. Жиында инвестициялық ахуал, техникалық стандарттар мен реттеуші тәсілдерді үйлестіру, кедендік әкімшілендіру, геологиялық барлау және аса маңызды минералдық ресурстар саласындағы ынтымақтастық талқыланды.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы тауар айналымы $45,2 млрд-ты құрады. 2026 жылдың алғашқы төрт айында өзара сауда көлемі $12,4 млрд-қа жетті, оның ішінде қазақстандық экспорт $9,27 млрд-ты құрады. Шикізаттық емес секторда отандық ауыл шаруашылығы өнімінің ЕО елдеріне экспорты 34,3%-ға артып, $266,2 млн-ды құрады.

Премьер-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық өзгерістерге тоқталды. Жаңа Конституцияның қабылдануымен Қазақстан экономиканы әртараптандыруға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған дамудың жаңа кезеңіне өтті. Үкіметтің басым бағыттарының бірі – инвестициялық ахуалды жақсарту.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, проактивті инвестициялық саясат жүзеге асырылып, 2030 жылға дейінгі тұжырымдама өзектендірілді. Инвесторлар мен жоғары білікті мамандар тарту үшін Altyn Visa арнайы визалық режимі енгізілуде. Kazakh Invest компаниясының халықаралық қатысуы кеңейтілуде, Kazakhstan Investment House инвесторларды сүйемелдеудің бірыңғай орталығы құрылуда. Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті жұмыс істейді, «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдинг ретінде қайта құрылды.

Олжас Бектенов Қазақстан ашықтық, болжамдылық және өзара тиімділік қағидаттарына негізделген инвестициялық саясатты жүргізіп отырғанын және шетелдік серіктестермен сындарлы диалогті дамытуға бейілді екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты дамытуға ерекше мән береді. бүгінде біздің әріптестігіміз қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанның сыртқы саудасының 30%-дан астамы Еуропалық Одақтың үлесіне тиесілі. Еліміздің экономикасына құйылған еуропалық инвестициялардың жиынтық көлемі $200 млрд-тан асты. Бұл көрсеткіштер елдеріміз арасындағы өзара экономикалық қызығушылықтың жоғары деңгейін айқын көрсетеді. Қазақстан энергетикалық қауіпсіздік, өнеркәсіп кооперациясы және көлік байланысын дамыту мәселелерінде Еуропалық Одақтың сенімді әрі болжамды серіктесі болып қала береді, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Аса маңызды шикізат материалдары саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға назар аударылды. Биылғы бес айда маршрут бойынша транзиттік тасымалдау көлемі 69%-ға, ал көлік құралдарының саны 38%-ға өскен. Қазақстан Орта дәлізді Еуропалық Одақпен өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырады және Global Gateway бастамасын ілгерілетуге мүдделі. Қазақстандық тарап визалық режимді оңайлату бойынша диалогті ілгерілетуді де жақтайды.

Отырыста Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич, Германия істеріндегі уақытша сенім білдірілген өкіл Ульрих Кинне, Қазақстанның Еуропалық бизнес-ассоциациясы (EUROBAK) төрағасының орынбасары Диас Асанов, Confindustria-ның Орталық Азия мен Кавказ бойынша бас директоры Ливио Маццуокколо және Xcalibur Smart Mapping компаниясының басқарушы директоры Саид Сұлтанов баяндама жасап, ұсыныстарын айтты.

Алешка Симкич зияткерлік меншік құқықтарын, фармацевтикалық зерттеулер деректерін қорғау, кедендік әкімшілендіруді жетілдіру, техникалық регламенттерді біркелкі пайдалану және реттеуші ортаның ашықтығын арттыру тақырыптарын қозғады.

Ульрих Кинне техникалық стандарттарды жоспарлы үйлестіру арқылы экономикалық қатынастарды кеңейту және тереңдету мәселесін көтерді. Техникалық реттеу, стандарттау, метрология, аккредиттеу және сәйкестікті бағалау саласындағы тәсілдерді жақындастырудың маңыздылығы атап өтілді.

Диас Асанов болжамды нормативтік-құқықтық ортаның маңыздылығына және шетелдік инвесторлардың реттеу саясатына деген сенімін нығайтуға тоқталды.

Ұқсас жазбалар

Елордада 11 медициналық нысан салынады: аурухана, емханалар және перинаталдық орталықтар

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында қалада салынатын жаңа медициналық нысандар туралы айтты.

Қазақстанда төтенше жағдайлар мен антитеррорлық операцияларға қатысатын әскерилерге үш есе жалақы беріледі

Қазақстанда төтенше жағдайларды жоюға және антитеррорлық операцияларға қатысатын әскери қызметшілерге үш еселенген ақшалай төлем беріледі.

Қазақстанда топырақты 3-5 жыл сайын міндетті зерттеу ұсынылды

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен ведомство алқасының отырысында топырақты міндетті зерттеу ұсынылды.