Батыс Қазақстан облысы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қалияр Айтмұхамбетов Германия Федеративтік Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Маттиас Кислермен кездесті.
Кездесу барысында тараптар өзара тиімді әріптестікті дамыту, сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын талқылады.
Қалияр Айтмұхамбетов өңірдің инвестициялық және өнеркәсіптік әлеуетіне тоқталып, Батыс Қазақстан облысының тиімді географиялық орналасуы мен дамыған көлік-логистикалық инфрақұрылымы халықаралық сауда мен транзит үшін қолайлы жағдай қалыптастыратынын атап өтті. Өңір арқылы Ресей, Өзбекстан және Түрікменстан мемлекеттерімен байланыстыратын халықаралық автомобиль және теміржол дәліздері өтеді.
Аймақта мұнай-газ өнеркәсібі, машина жасау, құрылыс индустриясы және агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамып келеді. Өнеркәсіп саласының өңір экономикасындағы үлесі 50 пайыздан асады. Басым салаларды дамыту мақсатында жалпы аумағы 281 гектарды құрайтын «Еуразия» индустриялық аймағы жұмыс істейді. Сонымен қатар биыл 800 гектар аумақтағы «Сырым» индустриялық аймағы мен 2,8 гектарлық шағын өнеркәсіптік аймақ құрылуда.
Тараптар Германия мен Батыс Қазақстан облысы арасындағы экономикалық байланыстардың оң серпінін атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңір мен Германия арасындағы тауар айналымы 684,4 млн АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт көлемі – 646,2 млн АҚШ доллары, импорт – 38,2 млн АҚШ доллары.
Кездесу барысында өңірдегі қолайлы инвестициялық ахуалға ерекше назар аударылды. Соңғы үш жылда облыс экономикасына 2,3 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылған. 2025 жылдың қорытындысында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 874,5 млрд теңгені құрап, өсім 13,7 пайызға жетті. Ал 2026 жылдың алғашқы төрт айында бұл көрсеткіш 182,6 млрд теңгені құрады. Соңғы үш жылда өңірге 4,9 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылып, облыс республикадағы жетекші өңірлердің қатарынан көрінді.
Кездесу қорытындысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, инвестициялық байланыстарды кеңейтуге және жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға өзара қызығушылық білдірді.

