Сурет: Ашық дереккөз
Қаржы министрі Мәди Такиев Мәжілістің жалпы отырысында республикалық бюджет шығыстары 25,5 трлн теңге болғанын, оның 9,3 трлн теңгесі әлеуметтік салаға, 7,7 трлн теңгесі өңірлерді қолдауға жұмсалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
«Республикалық бюджет шығыстары 99%-ға орындалып, 25,5 трлн теңгені құрады. Үкімет тарапынан барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалды. Өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бағытталған болса, әлеуметтік салаға 9,3 трлн теңге жіберілді», деді М. Такиев.
Қаржы министрі Ұлттық жобалар аясында 198 мектеп пен 655 денсаулық сақтау нысаны салынып біткенін айтты. Сондай-ақ студенттерге 10 мыңнан астам орындық 30 жатақхана пайдалануға берілді.
«Барлық қаржыландыру көздері есебінен 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 5 141 тұрғын үй сатып алынды. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. 980,5 шақырым инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желісі салынды. Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің 6,3 мың шақырым желісі салынды», деді министр.
Көлік инфрақұрылымына да көп қаражат жұмсалды. 13 мың шақырымға жуық автожол, оның ішінде 9 мың шақырым республикалық және 4 мың шақырым жергілікті маңызы бар жол жөндеудің барлық түрімен қамтылды. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар теміржол және әуе бағыттарын қолдау жалғасты.

