Сурет: Egemen Qazaqstan
Астанада 56 жастағы ер адам кәмелетке толмаған баланы қараусыз қалған аулаға сүйреп әкетпек болды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға 5 маусым күні елорданың Алматы ауданында, №13 мектептің маңында болған. Әлеуметтік желілерде тараған видеода белгісіз ер адамның шамамен 9-11 жастағы баланы күштеп ұстап, ескі дөңгелектер үйілген қараусыз аулаға қарай алып бара жатқаны көрінеді.
Куәгерлердің айтуынша, оқиғаға бейжай қарамаған тұрғындар дереу араласып, баланы ер адамның қолынан босатып алған. Кейін олар полиция шақырған.
Астана қалалық полиция департаменті аталған факті бойынша 56 жастағы азаматтың ұсталғанын растады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті процессуалдық шаралар жүргізіліп жатыр.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, баланың заңды өкілі полицияға арыз жазудан бас тартқан. Соған қарамастан құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын жалғастырып, ер адамның әрекетіне заң аясында құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.

