Сурет: Egemen Qazaqstan
Парижде «Үлкен дулыға» санатындағы 135 жылдық тарихы бар «Ролан Гаррос» турнирі мәреге жетті. Қазақстандық теннисшілер арасында тек жұптық сында өнер көрсеткен Анна Данилина ғана жанкүйерлерді қуанта алды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Былтыр дәл осы турнирде Анна Данилина мен сербиялық Александра Крунич жұбы финалда италиялық Сара Эррани мен Жасмин Паолиниге есе жіберген еді. Биыл олар қайтадан финалға жетті. Жартылай финалда Сюко Аояма (Жапония) мен Лян Эньшуоны (Тайпей) жеңген олар шешуші кездесуде Катерина Синякова (Чехия) мен Тейлор Таунсендтен (АҚШ) 2:6, 5:7 есебімен ұтылды. Ойын 1 сағат 33 минутқа созылды.
Жекелей сында қазақстандықтар сәтсіз өнер көрсетті. Әлемдік рейтингте үздік ондықтағы Александр Бублик алғашқы кездесуде өзінен 70 саты төмен тұрған германиялық Ян-Леннард Штруфтан жеңілді. Екінші ракетка Елена Рыбакина екінші айналымда украиналық Юлия Стародубцевадан ұтылды. Александр Шевченко мен Юлия Путинцева да ұзаққа бармады.
Турнир тосын нәтижелерге толы болды. Бірінші айналымда Даниил Медведев (АТР №8) Адам Уолтоннан (97), Джессика Пегула (WTA №5) Кимберли Биррелден (86), Линда Носкова (WTA №12) Мария Саккариден (49) жеңілді. Екінші кезеңде әлемнің бірінші ракеткасы Янник Синнер Хуан-Мануэль Черундолоға (26), серб Новак Джокович (АТР №4) бразилиялық Жуан Фонсекаға (30) есе жіберді. Фонсека кейін Каспер Руудты (14) да ұтты. Бен Шелтон (АТР №5) Рафаэль Коллиньоннан (62), Ига Швентек (WTA №3) Марта Костюктен (15), Коко Гауфф (WTA №4) Анастасия Потаповадан (27) жеңілді. Арина Соболенко (WTA №1) ширек финалда Диана Шнайдерге (№23) есе жіберді.
Әйелдер арасында жартылай финалда әлемдік рейтингте 114-орындағы польшалық Майя Хвалинска ресейлік Диана Шнайдерді 7:6, 6:4 есебімен ұтты. Ресейдің Мирра Андреевасы украиналық Марта Костюкті 6:1, 6:3 есебімен жеңді. Финалда Андреева Хвалинскадан 6:3, 6:2 есебімен басым түсіп, 19 жасында «Үлкен дулыға» турнирінде тұңғыш рет топ жарды.
Ерлер арасында жартылай финалда әлемнің үшінші ракеткасы, германиялық Александр Зверев чехиялық Якуб Меншиктен (№27) 7:5, 6:2, 3:6, 6:3 есебімен жеңді. Екінші финалист италиялық Флавио Коболли (АТР №14) мен Маттео Арнольди (№104) арасындағы ойында Арнольди сырқаттанып, кортқа шықпады. Финалда Зверев Коболлиді 6:1, 4:6, 6:4, 6:7, 6:1 есебімен ұтып, турнир жеңімпазы атанды. Ойын 4 сағат 20 минутқа созылды.
Жүлде қоры 61 723 000 еуроны құрады. Жекелей сайыста жеңімпаздар 2,8 млн еуро, финалда ұтылғандар жартысын алды. Жартылай финалға шыққандар 750 мың, ширек финалға шыққандар 470 мың еуро еншіледі. Төртінші кезең – 285 мың еуро (158 283 300 теңге), үшінші кезең – 187 мың (103 856 060 теңге), екінші кезең – 130 мың (72 199 400 теңге), бірінші кезең 87 мың (48 318 060 теңге) сыйақы алды.

