Categories Қаржы

Колледждерге құжат қабылдау мерзімдері нақтыланды

Сурет: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 1 маусымдағы бұйрығымен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына қабылдау қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Қабылдау комиссиясы 10 маусымнан кешіктірілмей ұйым басшысының бұйрығымен құрылады. Комиссия мүшелерінің саны тақ болуы тиіс. Құрамға Қамқоршылық кеңес өкілдері, жұмыс берушілер, қоғамдық ұйымдар мен білім беру ұйымдарының өкілдері кіреді. Төраға болып ТжКБ ұйымының басшысы немесе оның міндетін атқарушы тағайындалады.

Қабылдау комиссиясының жұмысын хатшы ұйымдастырады. Ол азаматтарды қабылдап, өтініштерге жауап береді, ақпараттық материалдар дайындайды, әңгімелесулер мен емтихандарды ұйымдастырады, сондай-ақ жазбаша жұмыстарды кодтау және декодтаумен айналысады. Хатшы комиссия мүшесі болып саналмайды. Мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда комиссия құрамы қайта қаралады.

Карантин немесе төтенше жағдайлар кезінде қабылдау және емтихан комиссиялары цифрлық технологияларды қолданады.

Құжат қабылдау мерзімдері нақтыланды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша күндізгі оқуға өтініштер 25 маусымнан 22 тамызға дейін, ақылы негізде — 25 маусымнан 27 тамызға дейін, кешкі және сырттай — 25 маусымнан 20 қыркүйекке дейін, шығармашылық мамандықтар бойынша — 25 маусымнан 20 шілдеге дейін, педагогикалық мамандықтар бойынша — 25 маусымнан 10 тамызға дейін, медициналық мамандықтар бойынша негізгі орта білім базасында — 25 маусымнан 10 тамызға дейін, жалпы орта білім базасында — 25 маусымнан 15 тамызға дейін қабылданады.

Құжаттар «электрондық үкімет» порталы немесе ТжКБ ұйымдары арқылы тапсырылады. Техникалық ақау болған жағдайда жергілікті атқарушы органдар айқындайтын ақпараттық жүйелер пайдаланылады. Талапкер «бір өтініш» қағидаты бойынша жатақхана және тегін тамақтану қызметтеріне де өтініш бере алады.

Оқуға қабылданғаннан кейін білім алушы 3 күн ішінде электрондық оқыту шартына қол қоюы тиіс. SMS-хабарлама mGov қосымшасының Bilim сервисі арқылы жіберіледі. Өтініштер Ұлттық білім беру деректер базасында тіркеледі.

Талапкерлермен әңгімелесу 20 минуттан аспайды. Арнайы немесе шығармашылық емтихандардың сұрақтары мен бағалау критерийлерін қабылдау комиссиясының төрағасы бекітеді. Арнайы білім беру қажеттілігі бар балалар үшін де әңгімелесу қарастырылған. Қашықтан жағдайларда әңгімелесу онлайн форматта өткізіліп, бейнежазбаға түсіріледі және 3 жыл сақталады.

Орын саны шектеулі болғанда қабылдау конкурс және орташа балл негізінде жүргізіледі. Арнайы білім беру қажеттілігі бар тұлғаларды қабылдау медициналық және психологиялық-педагогикалық қорытындылар негізінде жүзеге асырылады.

2026 жылғы 12 шілдеден бастап грантқа үміткерлер кәсіби диагностикадан (ерікті түрде анкеталау) өтеді. Педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтарға түсушілер арнайы немесе психометриялық тестілеуге жіберіледі. Педагогикалық, медициналық және өнер саласы мамандықтарына түсушілер арнайы емтихандар тапсырады. Медициналық мамандық таңдағандар эссе жазады.

Ұқсас жазбалар

Серік Жұманғарин: Қазақстандықтардың негізгі табыс көзі – еңбек нарығы

Қазақстандықтардың ақшалай табысының үштен екісі жалдамалы еңбектен түседі. Бұл тұжырым Сараптамалық кеңестің отырысында айтылды.

Қазақстанда неврологиялық аурулардың ұлттық тіркелімі құрылуы мүмкін

Қазақстан ДДҰ-ның неврологиялық ауруларға қарсы жаһандық іс-қимыл жоспарын іске асыруға қосылады. Астанада өтіп жатқан семинарда…

Сақтандыру компаниялары жыл басынан бері 160,4 млрд теңге төледі

Қазақстандағы сақтандыру төлемдерінің көлемі айтарлықтай өсті. Сақтандыру компаниялары 2026 жылдың басынан бері 160,4 млрд теңге…