Сурет: aa.com.tr
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бір күн ішінде екінші рет телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Израиль бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, әңгіме Иранның Израильге қарсы шабуылдарын тоқтататыны туралы мәлімдемесінен аз уақыт бұрын болған. Kan 13 телеарнасының мәліметінше, Нетаньяху мен Трамп сол күні екі мәрте тілдескен.
Yedioth Ahronoth газеті Трамппен болған әңгімеден кейін Нетаньяху кешкі және түнгі уақытта Иранға қарсы жоспарланған соққылардан бас тартуы мүмкін екенін жазды.
Бұған дейін Израиль әскері атысты тоқтату режиміне қарамастан Ливан астанасы Бейруттің Дахия ауданына әуе шабуылын жасаған. Иран билігі бұл әрекетті айыптап, жауап қайтаратынын мәлімдеді. Түнде Израильдің солтүстігіндегі бірнеше қалада Иран тарапынан зымырандар ұшырылғаннан кейін дабыл сиреналары қосылды.
Израиль әскері Иранның батыс және орталық аудандарына соққы жасағанын хабарлады. Тегеран бұл шабуылдарға зымырандық соққылармен жауап қайтарды. Оған дейін Иран қарулы күштерінің «Хатам әл-Анбия» штабы Израильге қарсы әскери операциялардың тоқтатылғанын жариялаған болатын.

