Аида Балаева кітапхана қызметіне терең талдау жүргізуді тапсырды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығын іске асыру мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жиынға Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Мәдениет және ақпарат, Ұлттық экономика, Жасанды интеллект және цифрлық даму, Ғылым және жоғары білім, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктерінің өкілдері қатысты. Кеңес барысында вице-министр Рустам Әли кешенді жоспардың негізгі бағыттарын таныстырды. Құжат 9 бағыт бойынша 50-ге жуық іс-шараны қамтиды.

Қазіргі уақытта республикада 3 887 көпшілік кітапхана жұмыс істейді, олардың қоры 72,5 млн сақтау бірлігінен асады. 2025 жылы кітапханаларға келушілер саны 57 млн-нан асып, рекордтық көрсеткішке жетті. Биыл 4 кітапхана жаңғыртылып, 6 жаңа кітапхана ашылды. Жыл соңына дейін бес өңірде тағы 24 кітапхананы жаңғырту жоспарланған.

Аида Балаева кітапханалардың қызметіне жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды. Бұл жұмыс кітапхана инфрақұрылымы мен ғимараттарының жай-күйін, кітап қорымен қамтамасыз етілу деңгейін, сондай-ақ әдебиеттерге сұранысты қамтуы тиіс. Талдау қорытындысы бойынша балалар мен жастарға арналған әдебиеттегі тапшылықтарды анықтап, кітапхана қорын дамыту және жаңарту жөнінде ұсыныстар әзірлеу қажет.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова балалар мен жастар арасында оқу мәдениетін дамыту шаралары туралы баяндады. Министрлік «Балалар кітапханасы» және «Оқырман» платформаларын іске қосты. Сондай-ақ «Кітап оқитын мектеп» бірыңғай моделі енгізіледі, оның аясында «Бірге оқиық» жобасы жүзеге асырылады.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова студент жастар арасында кітап оқу мәдениетін ілгерілету тәсілдері туралы айтты. Кеңес қорытындысы бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігіне салалық әдебиеттермен қамтамасыз ету деңгейіне талдау жүргізу және педагог кадрларды даярлауда қолданылатын оқу әдебиеттерінің мазмұнын зерделеу тапсырылды.

Қорғаныс және Ішкі істер министрліктеріне қарасты ұйымдардың кітапхана қорларын зерттеу және талдау мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Әскери бөлімдер мен ведомстволық мекемелерді заманауи, мазмұнды әрі кәсіби әдебиеттермен қамтамасыз ету маңызды.

Ұқсас жазбалар

Теміртауда бесқабатты үйде өрт шығып, 7 бала құтқарылды

Теміртауда бесқабатты үйде өрт шығып, ТЖМ бөлімшелері 13 адамды, оның ішінде 7 баланы құтқарды.

Астанада көлік жарылысынан зардап шеккен адам қайтыс болды

Астанада көліктегі газ баллонының жарылуынан зардап шеккен адам көз жұмды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық…

Филиппиндегі жер сілкінісі: 32 адам қаза тауып, Жапонияға цунами қаупі төнді

Филиппиндегі жер сілкінісінен 32 адам қаза тауып, 200-ден астам адам жарақат алды. Жапонияға цунами қаупі…