Сурет: ашық дереккөз
Астанадағы «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығының автотұрағында болған оқиға әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Куәгердің айтуынша, бірнеше адам жас қызды күштеп көлікке отырғызуға әрекет жасаған. Threads желісінің қолданушысы бірнеше адамның бойжеткенді еркінен тыс автокөлікке отырғызуға тырысқанын көрген. Жарияланым авторының мәліметінше, қыздың қол-аяғы байланып, дыбысын шығармас үшін аузын жапқан.
Куәгер жұбайымен бірге сауда орталығының күзет қызметінен көмек сұрап, 102 нөміріне хабарласқанын айтқан. Кейінірек қызды алып кетуге әрекеттенген адамдар оның қайын жұрты болып шыққан. Туыстарының нұсқасы бойынша бойжеткеннің психикалық денсаулығына қатысты мәселе бар көрінеді. Олар қызды үш күн бойы іздегендерін және оны үйіне қайтармақ болғанын мәлімдеген. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Сондай-ақ қыздың қазіргі жағдайы және оқиғаға қатысты өз ұстанымы туралы мәлімет жарияланбаған.
Оқиға әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу пікірталас туғызды. Көпшілік күш қолданған адамдардың әрекетін сынға алып, құқық қорғау органдарын тексеру жүргізуге шақырды. Кейбір пікір қалдырушылар бұл жағдайдан қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін көруге болатынын айтқан. Сонымен қатар кейбір қолданушылар туыстарының әрекеті қыздың жағдайына байланысты болуы мүмкін деген болжам жасады. Дегенмен, олар да мұндай мәселе тек заң аясында және уәкілетті органдардың қатысуымен шешілуі тиіс екенін атап өтті.
Қазір ресми органдар оқиғаға қатысты толық ақпарат таратқан жоқ. Қыздың жеке басы, оқиғаға қатысушылар және олардың әрекетіне берілетін құқықтық баға туралы нақты мәліметтер жарияланбаған.

