Сурет: Ашық дереккөз
Қаржылық мониторинг агенттігі Бас көлік прокуратурасымен бірлесіп, АИ-92 бензинін Қырғызстанға заңсыз экспорттаған қылмыстық топтың ісін тергеп бітірді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
ҚМА баспасөз қызметінің мәліметінше, топ құрамында 9 адам болған. Олар заңсыз схеманы жүзеге асыру үшін 12 заңды тұлғаны тіркеп, мұнай өнімдерін сатып алу, құжат рәсімдеу және экспорттаумен айналысқан.
Бензиннің шығу тегін жасыру үшін күдіктілер «Қара Май ОйЛ» ЖШС мен «Petro Bazis» ЖШС шағын мұнай өңдеу зауыттарын пайдаланған. Құжат бойынша олар бензинді жеңіл дистиллятпен немесе еріткішпен араластыру қызметін көрсеткен, бірақ іс жүзінде ешқандай өңдеусіз цистерналарға құйған.
«Құжат жүзінде кәсіпорындар АИ-92 бензинін жеңіл дистиллятпен немесе еріткішпен араластыру қызметін көрсеткен. Алайда іс жүзінде олардың қызметі бензинді ешқандай технологиялық өңдеусіз теміржол цистерналарына құюмен ғана шектелген», делінген хабарламада.
Кейін жалған құжаттар негізінде бензин ароматты көмірсутектер қоспасы, еріткіштер немесе жеңіл көмірсутектер қоспасы ретінде декларацияланған. Осылайша, автокөлік бензині мұнай-химия өнімі ретінде көрсетіліп, Қырғызстанға заңсыз шығарылған. Бұл әрекеттер ел ішінде мұнай өнімдері тапшылығы байқалған кезеңде де жүзеге асырылған.
Заңсыз экспортталған бензин көлемі 190 мың тоннадан асып, қылмыстық топтың көлеңкелі айналымы 37,2 млрд теңгеден асқан. Жедел-іздестіру шаралары кезінде «Түрксіб» станциясында Қырғызстанға жөнелтілмек болған 500 тоннаға жуық заңсыз бензин тиелген 8 теміржол цистернасы ұсталды. Құны 138 млн теңге болатын тәркіленген бензин мемлекет кірісіне өткізілді.

