Сурет: istockphoto.com
Астана маңындағы Жібек жолы ауылында төрт адамның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Вице-министрдің айтуынша, тергеу амалдары толық аяқталып, қазір тараптар іс материалдарымен танысуда. Бұл процесс аяқталған соң іс сотқа жолданады.
Қайғылы оқиға 2 наурызда Ақмола облысындағы Жібек жолы ауылында, Астанадан 25 шақырым жерде болған. Тергеу дерегінше, 42 жастағы ер адам өзінің ата-анасын, мүгедек ағасын және 18 жастағы қарындасын өлтірген. Күдікті бұрын сотталған және психикалық есепте тұрған.

