Сурет: Egemen Qazaqstan
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында еңбек жағдайын жақсарту мен өндірістегі апаттардың алдын алуды талқылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Биылғы жылдың өзінде елімізде 300-ге жуық адам өндірісте жарақат алған. Бұл – бұрынғыдан 10 пайызға көп. Сондықтан Үкімет қауіпсіздік шараларын күшейтуді ұйғарды.
Енді жұмыс берушілер әрбір қызметкердің денсаулығын жүйелі түрде тексеріп, қауіпті жабдықтарды міндетті түрде сертификаттауы керек. Бұл талап әсіресе құрылыс, тау-кен және мұнай-газ саласына қатаң қойылады.
«Өндірістегі әрбір жазатайым оқиға – біздің бақылауымыздың әлсіздігі. Біз адам өмірін сақтау үшін барлық шараны қолдануымыз керек», – деді Олжас Бектенов отырыста.
Сонымен қатар, еңбек инспекциясының өкілеттігі кеңейтіледі. Енді олар жоспардан тыс тексерулерді жиі жүргізіп, бұзушылықтар үшін айыппұл көлемін арттыра алады. Бұл шаралар Батыс Қазақстан өңіріндегі мұнай-газ кен орындарында да қатаң сақталады.

