Бүгін Круглоозерный кентінде бүкіл елді мекен тұрғындары үшін маңызды оқиға орын алды – 250 орындық жаңа Мәдениет үйі өз есігін айқара ашты. Заманауи әлеуметтік нысан енді кенттің 7 мыңнан астам тұрғыны үшін мәдени және қоғамдық өмірдің орталығына айналмақ.
Жаңа Мәдениет үйі жеке инвестордың қаражаты есебінен салынды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың маусым айында басталып, жобаның жалпы құны 550 миллион теңгені құрады. Жалпы ауданы 1,5 мың шаршы метрден асатын ғимарат тұрғындар үшін маңызды бірнеше бағытты қатар дамытуға мүмкіндік береді.
Мұнда концерттер, шығармашылық кештер, мерекелік және қоғамдық іс-шаралар, тұрғындармен кездесулер өтеді. Балалар мен жастар үшін би үйірмелері мен спорт секциялары жұмыс істейді. Сонымен қатар ғимаратта №14 қалалық кітапхана орналасады. Бұл өз кезегінде кітап оқуға, білім алуға және зияткерлік дамуға арналған заманауи кеңістік қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Ашылу салтанатына Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов қатысып, бұл нысан әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың көпжылдық сұранысын орындау бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті.
«Круглоозерный кентінің тұрғындары мәдениет үйінің қажеттілігін көп жылдан бері көтеріп келді. Бұл мәселе менің тұрғындармен кездесулерім барысында да бірнеше мәрте айтылды. Сондықтан бүгінгі күн – кент тұрғындарының ортақ жеңісі әрі қуанышы. Инвестордың қолдауының арқасында әртүрлі буын өкілдерінің басын қосатын маңызды нысанды жүзеге асыруға мүмкіндік туды», – деді қала әкімі.
Жаңа нысанның маңызын арттыра түсетін тағы бір жайт – оның құрамында қалалық кітапхананың орналасуы. Бұл кітап оқу мәдениетін дамыту және оқырман ұлт қалыптастыру бағытындағы мемлекеттік саясатпен үндеседі. Еске салсақ, 2026 жылғы 16 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Құжатта бұл бағыт мәдениет, білім беру және инновациялар саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалған.
Круглоозерный тұрғындары үшін жаңа Мәдениет үйінің ашылуы тарихи оқиғаға айналды. Тұрғындардың айтуынша, кентте отыз жылдан астам уақыт бойы мәдениет ошағы болмаған.
«90-жылдардың басынан бері біздің кентте өз Мәдениет үйі болған жоқ. Жаз мезгілінде түрлі шаралар саябақта өтсе, қыс айларында мектептің акт залын пайдалануға мәжбүр болатынбыз. Әрине, мұндай үлкен елді мекен үшін бұл жеткіліксіз еді. Енді балаларымыз, жастарымыз, ардагерлеріміз заманауи ғимаратта бас қосып, түрлі үйірмелер мен іс-шараларға қатыса алады. Бұл – кент тұрғындары үшін өте маңызды әрі көптен күткен оқиға», – деді кент тұрғыны Сағидолла Кенжеғалиев.
Іс-шара барысында Круглоозерный және Серебряков ауылдарының білім беру ұйымдарына жаңа мектеп автобустарының кілттері табысталды. Көліктер облыс әкімдігі мен прокуратура бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Қауіпсіз өңір» жобасы аясында берілді.
Жаңа автобустар оқушыларды қауіпсіз әрі жайлы тасымалдауға мүмкіндік беріп, білім беру қызметтерінің қолжетімділігін арттыруға және балалардың сапалы білім алуына қосымша жағдай жасауға ықпал етеді.
Жаңа Мәдениет үйінің ашылуы мен мектеп автопаркінің жаңартылуы Орал қаласының маңындағы елді мекендерді дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанының тағы бір айқын дәлелі болды. Мұндай жобалар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, білім алуға, шығармашылықпен айналысуға, спортпен шұғылдануға және бос уақытты тиімді өткізуге арналған заманауи жағдайлар жасауға, сондай-ақ келер ұрпақ үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға септігін тигізеді.

