Сурет: gov.kz
Қазақстанда ішкі істер органдарында есепте тұрған жасөспірімдердің саны 40,5 пайызға азайды. Бұл – мектептерде антибуллингтік бағдарламалардың енгізілуінің алғашқы нәтижесі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылдың қыркүйегінен бастап барлық мектептер мен колледждерде «ДосболLIKE» және «KiVa» антибуллингтік бағдарламалары іске қосылды. Бұл бағдарламалар балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.
«Антибуллингтік шаралардың арқасында жасөспірімдердің құқық бұзушылық жасау көрсеткіші төмендеді. Бұл – балалардың психологиялық жай-күйіне де оң әсер етті», – деді ІІМ өкілі.
Мамандардың айтуынша, есепте тұрғандар санының азаюы – бағдарламалардың тиімді жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Енді бұл тәжірибені еліміздің барлық өңірінде кеңейту жоспарлануда.

