Сурет: istockphoto.com
Биыл Ұлттық қордың табысынан 7 миллионға жуық балаға төлем түседі. Бұл — «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясындағы алғашқы төлем, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Президенттің тапсырмасымен 2024 жылдың басынан іске қосылған бұл жоба бойынша Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы балалардың есепшотына аударылады. Қаражатты бала 18 жасқа толғанда ғана ала алады. Ата-аналар оны білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсай алады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова: «Биылғы төлем 18 жасқа толмаған 6,9 миллион балаға жүргізіледі. Әр балаға шамамен 100-150 мың теңге түседі. Бұл сома Ұлттық қордың өткен жылғы табысына байланысты», — деді.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, төлемдер автоматты түрде жүргізіледі, ата-аналарға ешқандай өтініш берудің қажеті жоқ. Қаражат «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» арқылы әр баланың жеке шотына салынады.
БҚО-да бұл бағдарламадан 150 мыңнан астам бала пайда көреді деп күтілуде. Жергілікті билік ата-аналарға есепшоттарын тексеруді ұсынып отыр.

