Сурет: Jas Qazaq
Қазақстан 26 мамыр 2026 жылы Қытай биржасында алғаш рет юаньмен номиналданған панда облигациялар шығарды. Бұл – елдің қытай нарығына қарыз құралдарымен алғашқы қадамы, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Шығарылым көлемі 1 миллиард юаньды құрады. Бұл қаражат Қазақстанның бюджет тапшылығын жабуға және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталады.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, облигацияларға сұраныс жоғары болды – ұсыныс көлемінен 2,5 есе асып түсті. Бұл инвесторлардың Қазақстан экономикасына сенімін көрсетеді.
Панда облигациялар – Қытайдың ішкі нарығында шетелдік эмитенттер шығаратын юаньдік бағалы қағаздар. Қазақстан бұл құралды пайдаланған алғашқы Орталық Азия мемлекеті болды.
Экономистердің пікірінше, бұл қадам Қазақстанға қытай нарығынан қосымша ресурс тартуға және валюталық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Облигациялардың мерзімі – 3 жыл, жылдық кірістілігі – 3,5%.

