Categories Жайық news

«Ауыл аманаты» ауылды дамытуға серпін беруде: Қаратөбе ауданында сүт өндірісінің ауқымы кеңейіп келеді

Ауыл кәсіпкерлігін қолдауға «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы айрықша ықпал етуде.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Жусандыой ауылында бүгінде сүт бағытындағы ауыл шаруашылық кооперативі қарқынды дамып келеді. Жеңілдетілген қаржыландырудың арқасында кооператив мүшелері қажетті арнайы техникаларды сатып алып, ортақ шаруашылық жүргізу үшін күш біріктірген. Бұл қадам өндіріс көлемін арттырумен қатар, ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.

Кооператив мүшесі Берік Бақытжановтың айтуынша, жобаға қатысу отбасылық кәсіпті дамытудағы маңызды қадам болған. Оның сөзінше, заманауи техника күнделікті жұмысты жеңілдетіп, шаруашылықты тиімді жүргізуге жол ашқан.

«Бұл – атадан балаға жалғасып келе жатқан кәсіп. «Ауыл аманаты» жобасының арқасында қажетті техникаларды лизингке алдық. Қазір сол техникалардың көмегімен шаруашылықты жүйелі жүргізіп, кәсібіміздің ауқымын кеңейтіп келеміз. Ауыл жастары да осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, өз ісін ашса дейміз. Қыс мезгілінде техникамен ауыл тұрғындарына да көмектесеміз», – дейді кәсіпкер.

Кооперативтің басты артықшылықтарының бірі – бірнеше шаруашылықтың ресурстарын біріктіруі. Бұрын ауыл тұрғындары жеке жұмыс істеп, көп шығынға ұшыраса, бүгінде техникалар ортақ пайдаланылып, шығын көлемі азайған. Мұндай тәсіл сүт өнімдерінің көлемін арттырып қана қоймай, оның сапасына да оң әсерін тигізуде.

Бүгінде мұнда бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жаз мезгілінде қосымша жұмысшылар тарту жоспарланып отыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, мұндай бастамалар ауылдағы кәсіпкерлікті дамытып, халықтың туған жерде тұрақтап еңбек етуіне жағдай жасауда.

Қаратөбе аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Абат Зейнуллиннің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде ауданның ауыл шаруашылығын дамытуда маңызды рөл атқарып отыр.

«Қаратөбе ауданында «Ауыл аманаты» жобасының арқасында мал шаруашылығы белсенді дамып келеді. Шалғай ауылдардағы шаруалар заманауи техника алып, кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алуда. Партиялық жоба аясындағы қолдау ауылдағы шағын кәсіпкерлікті дамыту үшін аса маңызды», – деді Абат Зейнуллин.

Ұқсас жазбалар

Қазталов ауданында Эйфель мұнарасының көшірмесі пайда болады

Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданындағы Жалпақтал ауылында Эйфель мұнарасының көшірмесі тұрғызылады.

Астанада заңсыз көпқабатты үй құрылысы тоқтатылды: әкімдік неге араласты?

Астананың «Нұра» ауданында заңсыз көппәтерлі үй құрылысы тоқтатылды. Мердігер рұқсатсыз жұмыс жүргізген.

«Орал–Атырау» тасжолы орташа жөндеуден өтуде  

Республикалық маңызы бар «Орал–Атырау» тасжолының жалпы ұзындығы 500 шақырымға жуықтаса, БҚО-дағы бөлігі 303 шақырымды құрайды.…