Categories Жайық news

600 мың долларлық ойын: «Бұл Subway Surfers-тің арзан көшірмесі»

Ғылым және жоғары білім министрлігі қазақ тілін үйретуге арналған Steppe Rider ойынына шамамен 600 мың АҚШ долларын жұмсаған, алайда күрделі RPG-дің орнына Subway Surfers стиліндегі қарапайым «раннер» шыққан, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Бұл ойынды санаулы адам ғана жүктеп алған. Ал оған жұмсалған қаражат әлемге әйгілі Subway Surfers ойынының бюджетінен үш есе көп. Қоғам белсенділері Ұлттық қауіпсіздік комитетінен (ҰҚК) тексеру жүргізуді талап етуде.

Бастапқыда мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған тендер бойынша, министрлік балалар мен жасөспірімдерге арналған білім беру мақсатындағы ойын жасауға тапсырыс берген. Техникалық құжаттамаға сәйкес, ойын RPG жанрында болып, геймплей ұзақтығы кемінде 12 сағатқа созылуы тиіс еді. Сюжет бойынша ойыншы бәйгеге ат баптап, қазақ тілінің грамматикасы мен тарихын үйренетін тапсырмалар орындауы керек болған.

Алайда Steppe Rider ойыны уәде етілгендей күрделі стратегия емес, кәдімгі «раннер» болып шықты. Кейіпкер далада шауып, тиын жинайды да, кедергілерден қашып, қазақ тіліне қатысты сұрақтарға жауап береді.

Steam платформасындағы пікірлер де көңіл көншітпейді. Ойыншылар оның ішінде қателер көп екенін, геймплейдің іш пыстыратынын айтып шағымданған.

«Бұл RPG емес, қазақша сөздері бар Subway Surfers-тің арзан көшірмесі», – дейді ойынды жүктеп алғандардың бірі.

Ең сорақысы, әлем бойынша 4 миллиардтан астам рет жүктелген Subway Surfers ойынын жасауға шамамен 150-200 мың доллар жұмсалған. Бұл – Steppe Rider ойынына бөлінген бюджеттен үш есе аз.

Ұқсас жазбалар

Жеткіліктілік шектерін көтеру қазақстандықтардың болашақ зейнетақысын қорғауға бағытталған

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану кезінде қолданылатын ең төменгі жеткіліктілік шектерінің параметрлері жаңартылды. Өзгерістер…

Баспана, медициналық көмек және жеңілдіктер: мәдениет саласындағы әлеуметтік қолдау тетіктері

Елімізде мәдениет саласы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бағытындағы шаралар кезең-кезеңімен күшейтіліп жатыр. Аталған бағыттағы жұмыстар Мемлекет…

Студенттер экологиялық сағат өткізді  

Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Батыс Қазақстан облысы бойынша Экология департаменті Жәңгір хан атындағы…