Categories Жайық news

IBF белбеуінен айырылған Жәнібек Әлімханұлы үн қатты: «Біз әлі әлем чемпионымыз»

Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына байланысты Халықаралық бокс федерациясының (IBF) чемпиондық белбеуінен айырылғаннан кейін алғаш рет жанкүйерлеріне үндеу жасады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Бұған дейін IBF ұйымы Жәнібек Әлімханұлын чемпиондық атағынан айырғаны белгілі болған. Федерацияның хатына сәйкес, қазақстандық боксшы белбеуін 2026 жылдың 4 шілдесіне дейін қорғауы керек еді. Алайда спортшының допингке байланысты 2026 жылдың желтоқсанына дейін рингтен шеттетілуі бұған мүмкіндік бермейді. Қазақстан бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков спортшының командасы бұл шешімге қатысты апелляция беретінін хабарлады.

Өз кезегінде боксшының өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жағдайға қатысты пікір білдіріп, бір белбеуден айырылғанымен, екіншісі өзінде қалғанын еске салды.

«Сыналдық, бірақ сынбадық! Керісінше, шыңдалдық! Шешімдер шықты, IBF кетті, WBO қалды. Қалай болғанда да, қазір мен WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионымын! Бір титул сақталды! Аллаға шүкір! Бұйыртса, 8 айдан соң рингке шығамын. Үлкен жорық жалғасады», – деп жазды Әлімханұлы.

Спортшы кәсіпқой бокстың кейбіреулер үшін тек бизнес екенін, ал өзі спорттық принциптерді ұстанатынын атап өтті. Ол сондай-ақ допингке үзілді-кесілді қарсы екенін тағы да мәлімдеді.

«Мен допингке қарсымын! Мұны бұрын да айтқанмын, қазір де айтамын! Өткен нәрсе өтті, біткен нәрсе бітті. Ең бастысы, ел менің кім екенімді, қандай боксшы екенімді жақсы біледі. Ардақты ағайын, біз әлі ӘЛЕМ чемпионымыз! Алдымызда талай дода күтіп тұр! Жеңісті күнде жүздесейік», – деді боксшы.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Елден 12 тонна жанармайды заңсыз шығармақ болғандар ұсталды

ІІМ жанар-жағармайды заңсыз әкетуге қарсы күресті күшейтіп, бір айда 12 тонна жанармайдың заңсыз тасымалын анықтады.

БҚО-да тыйым салынған жерде шомылған үш жасөспірім суға батып кетті

Батыс Қазақстан облысында тыйым салынған аумақта шомылған үш жасөспірім суға батып кетті. Оқиғаның мән-жайы анықталып…

Көкжиде құмды алқабында мұнай-газ өндірісі жерасты суларын ластамаған

Көкжиде құмды алқабында екі жыл бойы жүргізілген зерттеулер мұнай-газ өндірісінің жерасты суларына кері әсерін тигізбегенін…