Categories Шартарап

Нобель сыйлығының иегері Мо Янь Астанаға келді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Астанаға әйгілі қытайлық жазушы, Нобель сыйлығының иегері Мо Янь келді. Қаламгер Ұлттық академиялық кітапханада оқырмандармен кездесіп, шығармашылық жолы мен қазіргі әдебиеттің дамуы туралы әңгімеледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл қазақ әдебиеті тарихындағы маңызды оқиға, себебі тәуелсіздік алғаннан бері елімізге алғаш рет беделді халықаралық сыйлықтың иегері келді. Кездесуге зиялы қауым өкілдері, әдебиет зерттеушілері мен белгілі қаламгерлер қатысып, жазушыға сұрақтар қойып, пікір алмасты.

Қазақ әдебиетінің ақсақалы Төлен Әбдік Нобель лауреатының сапарын маңызды құбылыс деп бағалады. Ол Мо Яньды Шекспир, Толстой мен Достоевский секілді бүкіл адамзатқа ортақ қаламгерлер қатарына жатқызды. «Оның туындыларында бірде-бір жағымды кейіпкер жоқ. Жазушы өмірді боямасыз көрсетеді, адам табиғатын барлық қырымен ашуға ұмтылады», – деді Әбдік.

Мо Янь – Қытайдағы ең танымал жазушылардың бірі, оның шығармалары ондаған тілге аударылған. Қазақстанға онымен бірге жазушы, аудармашы Әкбар Мәжит келді. Бұл сапар екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға бағытталған.

Нобель лауреаты Қазақстан жазушыларының көптеген ұлы шығармаларды дүниеге әкелгенін атап өтті. «Бір өкініштісі, қазіргі таңда қазақ әдебиетінің шығармалары қытай тіліне өте аз аударылады», – деді ол.

Жазушы шығармашылық жолы туралы айта келе, Қытай тарихындағы «Мәдениет төңкерісі» оның жазушы болуына себеп болғанын жеткізді. «Балалық шағымда анамнан ерте айырылдым. Сол сәтте анам туралы ұлы шығарма жазамын деп өзіме сөз бердім», – деді Мо Янь.

Кездесу соңында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов тәуелсіздік алғалы елімізге алғаш рет Нобель сыйлығының иегері келгенін атап өтіп, Мо Яньға алғыс білдірді.

Ұқсас жазбалар

2027 жылы Қазақстанда киберспорттан әлем чемпионаты өтеді

2027 жылы Қазақстанда киберспорттан әлем чемпионаты өтеді. Келісімге Қазақ ұлттық спорт университетінің ашылу рәсімінде қол…

Қазақ аспаздары Қытайда өткен халықаралық байқауда күміс жүлдеге ие болды

Қазақстандық аспаздар Қытайдың Циндао қаласында өткен «Ас үй патшасы» халықаралық гастрономиялық байқауында күміс жүлдеге ие…

Бас Прокурор Берік Асылов жасанды интеллект саласындағы әлемдік сарапшы Кай-Фу Лимен кездесті

30 маусым күні Бас прокуратурада маңызды кездесу өтті. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов жасанды…