Categories Саясат

«Ауыл» партиясының жаңа төрағасы сайланды

Сурет: Egemen Qazaqstan

«Ауыл» партиясының кезектен тыс съезінде партия жарғысына жаңа Конституцияға сәйкес өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Съезд барысында партия төрағасы Серік Егізбаев өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Делегаттар оның ұсынысымен Қайрат Айтуғановты бірауыздан «Ауыл» партиясының жаңа төрағасы етіп сайлады. Серік Егізбаев съезд барысында партия төрағасы қызметінен кету туралы мәлімдеме жасады.

«Бүгінгі саяси сәт барлық прогрессивті күштерден қоғамның жаңару туралы сұранысына лайықты жауап беруді талап етеді. Бұл сұраныс конституциялық реформа барысында дәлелденді. «Ауыл» партиясы осы үдерістерден шетте қала алмайды, керісінше, партия олардың белсенді қатысушысы, ал бұл үшін аграрлық және әлеуметтік күн тәртібіне жаңа көзқарастар әкелуді, жаңартылған саяси жүйеде тиімді жұмыс істеуді қажет етеді. Сондықтан партия төрағасы қызметімді тоқтатуым партияның ішкі динамикаға дайындығын және жаңа саяси жүйеде алдағы сайлауға толыққанды қатысуға ниеттілігін көрсететін заңды қадам болады. Сонымен қатар, мен партия мақсаттарына адалмын және жаңа төрағаға партия қызметінің сабақтастығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайынмын және партия қатарында белсенді қызмет жасаймын», деді Серік Егізбаев.

Серік Егізбаев съезд қарауына партия төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғановтың кандидатурасын партия төрағасы лауазымына ұсынды. Қайрат Қапарұлы – аграрлық экономика, мемлекеттік қызмет және ғылыми салада 40 жылдан астам еңбек өтілі бар жоғары білікті басшы, экономист және мемлекет қайраткері. Әр жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі, аппарат басшысы, сондай-ақ Халықаралық қайта құру және даму банкі жүзеге асырған жобаның жетекшісі, «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, «ҚР Кәсіподақтар федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары қызметтерін атқарған. Сонымен қатар, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАҚ директорлар кеңесінің төрағасы, сондай-ақ С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасы болған.

Партия төрағасының орынбасары ретінде ол ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған заңнамалық және бағдарламалық бастамаларды әзірлеу мен ілгерілетуге белсене қатысты. Қайрат Қапарұлы кәсіби ортада жоғары беделге ие, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысады және аграрлық саладағы тиімді мемлекеттік саясатты қалыптастыруға зор үлес қосуда. Серік Егізбаевтың айтуынша, жаңа төрағаның партиялық жұмыста сабақтастықты қамтамасыз етіп, алда тұрған міндеттерді іске асыруды үйлестіруге зор мүмкіндігі бар. Съезд делегаттары Қайрат Айтуғановтың «Ауыл» партиясының жаңа төрағасы болып сайлануын бірауыздан қолдады. Сонымен қатар съезд жаңа Конституцияға сәйкес партия жарғысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдады.

Ұқсас жазбалар

Бизнестің ұсыныстары «Әділет» партиясы өнеркәсіптік саясатының өзегіне айналады

Өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру, ішкі нарықты қорғау және отандық өндірушілерге қолдау…

Инициатива Президента «Таза Қазақстан» реализуется как ключевой принцип, заложенный в Конституции — Олжас Бектенов

Премьер-министр Олжас Бектенов провел заседание Совета по переходу к «зеленой экономике» при Президенте Республики Казахстан.…

Қазақстан партиялары Құрылтай сайлауына дайын екенін мәлімдеді

Қазақстанның саяси партиялары Құрылтай сайлауына толық дайын екенін мәлімдеп, 2026 жылғы 23 тамызда өтетін сайлауға…