Премьер-министр Олжас Бектенов гидрологиялық ахуал бойынша жиын өткізді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Премьер-министр Олжас Бектенов қауіпті гидрологиялық құбылыстарға байланысты ел аумағындағы ахуал туралы есептерді тыңдады. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев және вице-министр Нұрлан Алдамжаров, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

ТЖМ-ның Республикалық жедел штабы мен өңірлік штабтар тәулік бойы жұмыс істеуде. Алматы қаласы мен облысында 12 су бекеті қойылған. Ақсай бөгетінде қорғаныш үйіндісін ұлғайту және нығайту жұмыстары жүргізілуде. Қарасай ауданы Жаңатұрмыс ауылындағы жағдай қадағалауда. «Қазселденқорғау» бекеттері тұрақты мониторинг жүргізіп, су деңгейі қалыпты жағдайда.

Маңғыстау облысында ТЖМ әкімдікпен бірлесіп, су айдау және су басу салдарын жою жұмыстарын жалғастыруда. Қажетті күштер мен құралдар жедел ден қоюға дайын.

Қазгидрометтің мәліметінше, алдағы күндері еліміздің барлық аумағында жауын-шашын мол болады. Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарында нөсер жаңбыр күтіледі.

Премьер-министр бірқатар тапсырма берді: өңір әкімдіктері ТЖМ-мен бірлесіп, адамдардың қауіпсіздігін және елді мекендердің инфрақұрылымын қамтамасыз ету шараларын қабылдасын; жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдарының дайындығын қамтамасыз етіп, эвакуациялау пункттерін дайындасын; сел қаупі бар өңірлердің әкімдіктері мұздақ көлдердің жай-күйін бақылап, селді сақтайтын құрылыстардың дайындығын тексерсін; Экология министрлігі гидробекеттерде күнделікті бақылау жүргізіп, дауылды ескертулерді жедел жеткізсін; Су ресурстары министрлігі гидротехникалық құрылыстарды бақылап, трансшекаралық өзендер туралы ақпаратпен алмасуды ұйымдастырсын; ТЖМ алдын алу жұмыстарын жалғастырсын.

«Алматы, Маңғыстау облыстарының және Алматы қаласының әкімдіктері қалыптасып отырған жағдайды ерекше бақылауда ұстасын. Төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша жедел шаралар қабылдасын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ұқсас жазбалар

Қасым-Жомарт Тоқаев: Астана — егемен еліміздің жүрегі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана күніне арналған құттықтауында елорданы егемен еліміздің жүрегі деп атады.

Үлкен Алматы каналы кешенді реконструкциядан өтеді

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Алматы облысына жұмыс сапарымен барып, ірі су шаруашылығы…

Астана күнінде 60 қосымша автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді

6 шілде күні Астанада өтетін Open Air концертінен кейін тұрғындар мен қала қонақтары үшін 60…