Categories Қаржы

Қазақстандықтар зейнетақы жинағынан 5,8 трлн теңге шешіп алған

Сурет: Ашық дереккөз

БЖЗҚ соңғы бес жарым жылдағы зейнетақы жинақтарын пайдалану көрсеткіштерін жариялады. Тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу ақысын төлеу үшін 5,8 триллион теңгеден астам қаражат алынған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Ең көп шешіп алу 2021 жылы тіркеліп, шамамен 2,6 триллион теңгені құраған. 2022-2023 жылдары бұл көрсеткіш төмендеген, алайда кейінгі жылдары қайта өсіп, 2025 жылы 1 триллион теңгеден асқан.

Мемлекет басшысы зейнетақы жүйесінің басты мақсаты азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз ету екенін бірнеше рет атап өткен. Президенттің айтуынша, мақсат – барлық жинақты қазір таратып беру емес, өйткені бұл адамдарды қартайғанда лайықты зейнетақысыз қалдыруы мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, шешіп алынған қаражат көлемі азаматтарды зейнетақымен қамтамасыз етуге бағытталған сомалардан айтарлықтай асып түскен. Кейбір жылдары зейнетақы қорына түскен жарналар көлемінен де көп қаражат алынған.

Жинақтарды инвестициялау үдерісінен шығарып алу олардың инвестициялық табысының жоғалуына алып келеді. Ұзақ мерзімді перспективада бұл зейнет жасына жеткендегі жинақ көлемінің едәуір азаюына себеп болуы мүмкін.

Қазақстанда салымшылардың зейнетақы жинақтарындағы инвестициялық табыстың үлесі тұрақты өсіп келеді және қазіргі таңда шамамен 40%-ды құрайды. Халықаралық тәжірибеде бұл көрсеткіш әдетте 80%-дан асады.

Дамыған елдерде зейнетақы активтері инвестициялардың және экономиканың тұрақты өсімінің маңызды көзі саналады. Алдыңғы қатарлы мемлекеттерде жинақталған зейнетақы активтерінің көлемі ІЖӨ-нің 100%-ынан асады. Қазақстанда бұл көрсеткіш әзірге шамамен ІЖӨ-нің 16%-ын ғана құрайды.

Әлемдік тәжірибеде жинақтаушы зейнетақы жүйесінің негізгі міндеті – болашақтағы зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету. Сондықтан азаматтардың болашақ зейнетақысы үшін зейнетақы жинақтарын сақтап, олардың Қазақстан мен халықаралық нарықтарда ұзақ мерзімді инвестициялау арқылы одан әрі өсуін қамтамасыз ету маңызды.

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда жасанды интеллектке негізделген бірыңғай цифрлық сауда экожүйесі құрылады

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев жасанды интеллект саласындағы сарапшы Dr. Kai-Fu Lee-мен кездесіп, сауда…

2026 жылы мал шаруашылығын дамытуға 300 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

Астанада Ветеринариялық қызмет пен мал шаруашылығы саласы қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты жиын өтті. Шараға Үкімет…

Мал шаруашылығын дамытуға биыл 300 млрд теңге бөлінді

Астанада Мал шаруашылығы және Ветеринария қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Биыл мал шаруашылығына…