Алатауға ерекше мәртебе берілді: Жаңа заң инвесторларға қандай мүмкіндіктер ашады?

Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Бұл құжат Алматы облысындағы жаңа қаланы инвесторлар үшін тартымды орталыққа айналдыруды көздейді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Енді құжаттың ресми атауы – «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» ҚР Конституциялық Заңы. Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың айтуынша, заң қаланы дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Арнаулы құқықтық режим қаланың өзіне ғана емес, оның маңындағы аймақтарға да қолданылуы мүмкін.

Жаңа заң аясында инвесторларды ынталандыру үшін бірнеше маңызды ұғым енгізілді. Олардың қатарында «бизнес-лицензия», «салық преференциясы» және «реттеуші рұқсат» бар. Бұл шаралар кәсіпкерлік қызметті жеңілдетіп, қаланың басым салаларына инвестиция тартуға бағытталған.

«Инвестициялық жобалар бойынша салық режимінің тұрақты болуы үшін „қаржылық орнықтылық“ және ашықтық қағидаттары күшейтілді. Біз Шэньчжэнь сияқты Қытайдың арнайы экономикалық аймақтарының үздік халықаралық тәжірибесін негізге алдық», – деді Нұртай Сабильянов.

Инвесторлардың құқығын қорғауға ерекше назар аударылған. Енді бизнес субъектілерін тек Бас прокуратура органдары ғана тексере алады. Бұл іскерлік ортаның тұрақтылығына қосымша кепілдік береді.

Сонымен қатар, қала толықтай цифрлық жүйеге көшеді. Абаттандыру, инженерлік, көліктік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік жүйелерінің барлық дерегі бірыңғай цифрлық платформаға жинақталады.

Бюджетті бақылау да күшейтіледі. Алатау қаласы әкімшілігінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның Құрылтайға ұсынатын жыл сайынғы есептеріне енгізіледі. Сондай-ақ, барлық есеп интернет-ресурстарда жариялануы міндетті болады.

Заң жобасына «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобының ұсынысымен халықтың жүріп-тұруы шектелген топтары үшін қалада қолайлы жағдай жасау нормалары да енгізілді. Қала құрылысында инклюзивті орта қалыптастыру үшін универсалды дизайн қағидаттары қолданылады.

Фото: Алматы облысы әкімдігі

Ұқсас жазбалар

Африкада Эбола қайта өршіді: 88 адам көз жұмды

Африкада Эбола індеті қайта өршіп, 88 адам қаза тапты. ДДҰ вакцинацияны күшейтуде.

«Ауыл аманаты» ауылды дамытуға серпін беруде: Қаратөбе ауданында сүт өндірісінің ауқымы кеңейіп келеді

Ауыл кәсіпкерлігін қолдауға «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» жобасы айрықша ықпал етуде. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы…

АҚШ-та әуе шоуында екі жойғыш ұшақ соқтығысып кетті

АҚШ-тың Айдахо штатындағы әуе шоуында екі жойғыш ұшақ соқтығысып, құтқару жұмыстары жүріп жатыр.