Алматы облысының Есік қаласында бір топ адамның қатысуымен жаппай төбелес болып, тәртіп сақшылары қару қолдануға мәжбүр болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарады. Кадрлардан бір топ жігіттің өзара жанжалдасып жатқанын, кейін тарс еткен дыбыс естілетінін байқауға болады.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 28 наурызда болған. Полицейлердің заңды талабына бағынбаған 7 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы («Бұзақылық») және 380-бабы («Билік өкіліне қатысты күш қолдану») бойынша екі бірдей қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», – делінген ресми хабарламада.
Ведомствоның хабарлауынша, полиция қызметкері төбелесушілерді тыныштандыру және ескерту жасау мақсатында ауаға оқ атқан.
Фото: Әлеуметтік желіден

