Categories Жайық news

Мүлікке инвестиция: Пәтер 6% әкелсе, бұл сала 15% кіріс әкеледі

Қазақстанда тұрғын үйдің жылдық табысы 4-6%-ға дейін төмендеп, пәтерге салынған ақшаны қайтару мерзімі 15-20 жылға дейін созылды. Осы орайда жылжымайтын мүлікке ақша салған қаншалықты тиімді? Qazaq Expert Club сарапшысы Діләрә Сейітнұрова осы мәселені талдап берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Сарапшының пікірінше, қазір нарықтың негізгі қозғаушы күші – тұрғын үй емес, коммерциялық жылжымайтын мүлік.

«Коммерциялық мүліктің артықшылықтары көп: жылдық табысы 10–15%, өтелімділік мерзімі 7–9 жыл және жалдау келісімшарттары ұзақ мерзімге (3–5 жыл) жасалады. Инвестиция үшін ең перспективалы бағыттар – қойма, стрит-ритейл және кеңселік мүлік», – дейді маман.

Қойма логистикасы – қазіргі заманның «жаңа алтыны». Бұл – өсу қарқыны мен сапалы орындардың тапшылығы жағынан нарықтың сөзсіз көшбасшысы. Бүгінде «А» санатындағы (биік төбелі, шаң баспайтын жабындысы бар, климаттық бақылау жүйесі орнатылған заманауи кешендер) қоймаларға сұраныс жоғары. Бұған e-commerce (Ozon, Wildberries, Kaspi) саласының дамуы, бөлшек сауданың өсуі және Қазақстанның Орталық Азиядағы логистикалық хаб ретіндегі рөлінің артуы ықпал етіп отыр. Нәтижесінде, бұл салаға кіру табалдырығы жоғары болғанымен, қоймалар ең сенімді активтердің біріне айналды. Нарықтағы жағдай: «А» санатындағы қоймалардың шамамен 5%-ы ғана бос, ал жалдау ақысы бір шаршы метрге 4 800–5 700 теңгені құрайды.

Инвестиция салатын тағы бір тиімді бағыт – стрит-ритейл. Тұрғын үйлердің бірінші қабатындағы және адам көп жүретін жерлердегі коммерциялық орындар ең жоғары табыстылықты көрсетеді. Ірі сауда-ойын-сауық орталықтарына арнайы бару керек болса, стрит-ритейл үнемі ағылған адамдардың есебінен ұтады. Алматының «Алтын шаршы» сияқты беделді аудандарында кіріс 15%-ға жетуі мүмкін. Бұл пәтерді жалға беруден әлдеқайда тиімді. Әсіресе қоғамдық тамақтану орындары (кафе, кофехана), дәріханалар және «үй жанындағы» дүкендерге сұраныс жоғары.

Инвестицияның үшінші түрі – кеңселік орындар. Бұл салада сұраныс премиум сегментке қарай ығысып келеді. «С» және «B-» санаттарындағы ескі ғимараттар жалға алушыларынан айырылып жатса, «А» және «А+» санатындағы заманауи кеңселер әлі де тапшы. Кеңселік нысандардың жылдық табысы шамамен 10–12% болғанымен, тұрақты сұраныс тек Алматы мен Астанадағы сапалы жобаларда ғана сақталып отыр.

«Қазір қоймаларға сұраныс ең сенімді, бірақ оған кіру табалдырығы жоғары. Дұрыс жерден таңдалса, шаршы метріне ең көп табысты стрит-ритейл әкеледі. Ал кеңселік орындар тек Алматы мен Астанадағы премиум сегментте ғана тұрақты кіріс көзі бола алады», – деп қорытындылады Діләрә Сейітнұрова.

Ұқсас жазбалар

«Жомарт» кенішінде қауіпсіздікті арттыру шаралары жүргізілді

«Жомарт» кенішіне жұмыс сапары кезінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Мұқан Үңгітбаев…

«Жомарт» кенішінде қауіпсіздік шаралары кешені жүзеге асырылды

«Жомарт» кенішіне жұмыс сапары барысында «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы орынбасары Мұқан Үңгітбаевқа…

26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай Орал қаласында «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында «Адам өмірі мен денсаулығы – баға жетпес байлық» тақырыбында ауқымды іс-шара өтті.

Шараға 400-ден астам Батыс Қазақстандықтар қатысып, есірткіге қарсы күрес пен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған…