Categories Жайық news

Марқұмның несиесі: Банктер 6 ай бойы пайыз есептеуін тоқтатпайды

Әлеуметтік желіде «өлсең де несие кешірілмейді» деген жазба қызу талқыға түсті. Онда қайтыс болған сіңлісінің 2,6 млн теңге қарызы ата-анасына жүктелгенін айтқан автор, банктердің саясатына шағымданды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

«Сіңілім үй жөндеуге 2,6 млн теңге несие алып, екі жыл төледі. Бірақ ол қайтыс болғанда қарыз сомасы азаймағанын білдік. Төленген ақша тек пайызды жауып келген. Енді мұрагер ретінде қарызды ата-анам төлеуге мәжбүр. Ол сақтандырудан бас тартқан екен, бірақ ешкім «ертең өліп қаламын» деп ойламайды ғой…»

Осы мәселеге қатысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ресми жауап берді. Ведомствоның түсіндірмесіне сәйкес, бірнеше маңызды жайтты білу қажет.

Біріншіден, несиені міндетті сақтандыру тетігі енгізілмейді. Заң бойынша азаматты өз өмірін сақтандыруға мәжбүрлеуге болмайды. Бұл — тек ерікті таңдау.

Екіншіден, банктерге марқұмның қарызын кешіруді міндеттейтін нормативтік талаптар жоқ. Кредиторлар әр жағдайды жеке қарастырып, өздерінің ішкі саясатына сүйенеді.

Үшіншіден, мұраны қабылдауға берілетін 6 ай ішінде пайыз бен өсімпұлды есептеуді тоқтататын тікелей заң нормасы жоқ. Бұл — бүгінгі заңнамадағы ең үлкен олқылықтардың бірі. Есептеуді тоқтату-тоқтатпау толығымен банктің өз еркінде.

Төртіншіден, банктердің бұл мәселеде бірыңғай саясаты жоқ. Бірі марқұмның қарызына қатысты жеңілдік жасаса, екіншісі барлық пайызды өндіріп алуы мүмкін. Сондықтан мұрагерлер банкке өздері барып, келіссөз жүргізуі керек.

Осы жағдайда мұрагер нені ескеруі қажет?

Мұрагер марқұмның қарызын тек өзіне өткен мүліктің құны шегінде ғана өтейді. Мысалы, мұраға қалған мүлік 1 млн теңге, ал қарыз 10 млн теңге болса, банк сізден 1 млн теңгеден артық талап ете алмайды.

Туысының қайтыс болғаны туралы куәлікті банкке дереу апарып, пайыз есептеуді тоқтату туралы өтініш жазу керек. Бұл кем дегенде өсімпұлды тоқтатуға мүмкіндік береді.

Егер қарыз мұраға қалған мүліктен көп болса, мұрадан толық бас тартуға заңмен рұқсат етілген.

Несие алған кезде сақтандыру полисінен бас тартпаған жөн. Себебі күтпеген жағдай болғанда, ол жақындарыңызды банк алдындағы жауапкершіліктен қорғайтын жалғыз құрал болуы мүмкін. Сақтандыру болса, қарызды сақтандыру компаниясы өтейді де, мүлік мұрагерлерге толық қалады. Әйтпесе, банктер коммерциялық ұйым ретінде өз ақшасын қайтарудың барлық жолын қарастырады.

Ұқсас жазбалар

Астанада арзан ет сатамын деп 3 млн теңге жымқырған ер адам ұсталды

Астанада криминалдық полиция 38 жастағы ер адамды ұстады, ол базарларда арзан ет сатамын деп алдап,…

Облыс делегациясы мұнай-химия өндірісінің озық тәжірибелерімен танысты

Аймақ басшысы Нариман Төреғалиев бастаған батысқазақстандық делегация Қытай Халық Республикасының Ляонин провинциясына жасаған жұмыс сапары…

БҚО мен Германия арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды   

Батыс Қазақстан облысы әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қалияр Айтмұхамбетов Германия Федеративтік Республикасының Алматы қаласындағы Бас…