Categories Жайық news

«Императордың өзі құрметтейді»: Тоқаев Күншығыс елін бағындырған қазақ балуанымен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сумо спортының отаны Жапонияда зор жетістікке жетіп, ел мерейін үстем еткен қазақстандық балуан Ерсін Балтағұлды қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Президент спортшыны былтырғы айтулы жеңісімен құттықтады. Ол Император кубогын иеленіп, сумодағы ең жоғары дивизион саналатын «маэгашира» дәрежесіне қол жеткізген болатын. Сондай-ақ жарыс қорытындысы бойынша «Канто-се» (жауынгерлік рухы үшін) арнайы жүлдесімен марапатталған еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жетістік қажырлы еңбек пен табандылықтың жемісі екенін атап өтіп, шетелде Қазақстанның атын шығарып жүрген жастардың көбейгеніне тоқталды. Мемлекеттің талантты азаматтар мен спортты қолдауға әрдайым ерекше көңіл бөлетінін жеткізді.

– Жапонияға барған сапарымда сізді Императордан бастап қарапайым халыққа дейін бәрі танитынын, құрметтейтінін байқадым. Бұл – зор мәртебе. Жапонияда тұрсаңыз да қазақтың атын шығарып, еліміздің беделін биіктетіп жүрсіз. Сізге ерекше ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Ерсін Балтағұл Президентке ілтипаты үшін алғыс айтып, алдағы уақытта еліміздегі жас спортшылармен кездесіп, тәжірибесімен бөлісуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

– Қазақстан азаматы ретінде мақсатымыз – еліміздің көк туын 120 миллионнан аса халқы бар Жапонияға таныту еді. Осы бағыттан таймай, еңбек етіп келеміз. Осы сәтті пайдаланып, Өзіңізді және барша қазақстандықтарды отандасымыз Михаил Шайдоровтың айтулы жетістігімен құттықтаймын, – деді Ерсін Балтағұл.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев балуанға алдағы жарыстарда да жоғары нәтижелер тілеп, Қазақстан мен Жапония арасындағы достықты нығайтуға үлес қоса беруіне тілектестік білдірді.

Фото: t.me/aqorda_resmi

Ұқсас жазбалар

Мас күйінде ұсталған Чапаев ауылдық округінің әкімі қызметінен босатылуы мүмкін

Ақжайық ауданының Чапаев ауылдық округінің әкімі Биболат Зинуллинге қатысты тәртіптік іс Әдеп жөніндегі кеңесте қаралды.

«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы табиғатты қорғау полициясымен бір күн

Қоршаған ортаны қорғау бүгінде мемлекет пен қоғамның маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Батыс Қазақстан облысында…

«ИНДЕРБОР – ОРАЛ» ТЕМІРЖОЛ ЖЕЛІСІНІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ПЕРСПЕКТИВАЛЫ ЖОБАЛАР ТІЗІМІНЕ ЕНДІ

«Индербор – Орал» теміржол желісінің құрылысы перспективалы жобалар тізіміне енді. Бұл туралы ҚР Премьер-министрі Олжас…