Премьер-министр Олжас Бектенов денсаулық сақтау саласын цифрландыру және қаржылық тәртіпті нығайту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиын барысында медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ бюджет қаражатының мақсатты әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етуге қатысты бірқатар өзекті мәселе талқыланды.
Олжас Бектеновтің айтуынша, салаға цифрлық технологияларды енгізудің алғашқы нәтижелері қазірдің өзінде көріне бастады. Бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажет. Процестерді автоматтандыру медицина қызметкерлерін қағазбастылықтан арылтып қана қоймай, емдеу шаралары мен дәрі-дәрмекке бөлінген қаржының қалай жұмсалып жатқанын ашық бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай тәсіл реформалардың нақты нәтижесін азаматтарға, дәрігерлерге және мемлекетке бірдей көрсетуге жол ашады.
Кеңес барысында денсаулық сақтау жүйесіндегі цифрлық шешімдердің тиімділігі мен оларды кеңінен енгізудің маңызы атап өтілді. Үкімет басшысы технологияларды қолдану арқылы басқару сапасын арттырып, саладағы артық шығындарды қысқарту мүмкін екеніне назар аударды.
Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне салалық процестерді цифрландыру жұмысын жандандыруды тапсырды. Ал Қаржы министрлігіне денсаулық сақтау жүйесінде қаржылық тәртіпті күшейтуге бағытталған қосымша шаралар қабылдау міндеті жүктелді.
Аталған тапсырмалар денсаулық сақтау саласындағы ашықтықты арттыруға, ресурстарды тиімді пайдалануға және медициналық қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.

