Categories Жайық news

IBF белбеуінен айырылған Жәнібек Әлімханұлы үн қатты: «Біз әлі әлем чемпионымыз»

Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына байланысты Халықаралық бокс федерациясының (IBF) чемпиондық белбеуінен айырылғаннан кейін алғаш рет жанкүйерлеріне үндеу жасады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Бұған дейін IBF ұйымы Жәнібек Әлімханұлын чемпиондық атағынан айырғаны белгілі болған. Федерацияның хатына сәйкес, қазақстандық боксшы белбеуін 2026 жылдың 4 шілдесіне дейін қорғауы керек еді. Алайда спортшының допингке байланысты 2026 жылдың желтоқсанына дейін рингтен шеттетілуі бұған мүмкіндік бермейді. Қазақстан бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков спортшының командасы бұл шешімге қатысты апелляция беретінін хабарлады.

Өз кезегінде боксшының өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жағдайға қатысты пікір білдіріп, бір белбеуден айырылғанымен, екіншісі өзінде қалғанын еске салды.

«Сыналдық, бірақ сынбадық! Керісінше, шыңдалдық! Шешімдер шықты, IBF кетті, WBO қалды. Қалай болғанда да, қазір мен WBO нұсқасы бойынша орта салмақта әлем чемпионымын! Бір титул сақталды! Аллаға шүкір! Бұйыртса, 8 айдан соң рингке шығамын. Үлкен жорық жалғасады», – деп жазды Әлімханұлы.

Спортшы кәсіпқой бокстың кейбіреулер үшін тек бизнес екенін, ал өзі спорттық принциптерді ұстанатынын атап өтті. Ол сондай-ақ допингке үзілді-кесілді қарсы екенін тағы да мәлімдеді.

«Мен допингке қарсымын! Мұны бұрын да айтқанмын, қазір де айтамын! Өткен нәрсе өтті, біткен нәрсе бітті. Ең бастысы, ел менің кім екенімді, қандай боксшы екенімді жақсы біледі. Ардақты ағайын, біз әлі ӘЛЕМ чемпионымыз! Алдымызда талай дода күтіп тұр! Жеңісті күнде жүздесейік», – деді боксшы.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Қазталов ауданында Эйфель мұнарасының көшірмесі пайда болады

Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданындағы Жалпақтал ауылында Эйфель мұнарасының көшірмесі тұрғызылады.

Астанада заңсыз көпқабатты үй құрылысы тоқтатылды: әкімдік неге араласты?

Астананың «Нұра» ауданында заңсыз көппәтерлі үй құрылысы тоқтатылды. Мердігер рұқсатсыз жұмыс жүргізген.

«Орал–Атырау» тасжолы орташа жөндеуден өтуде  

Республикалық маңызы бар «Орал–Атырау» тасжолының жалпы ұзындығы 500 шақырымға жуықтаса, БҚО-дағы бөлігі 303 шақырымды құрайды.…