Тоқаев күштік құрылымдардың жұмысын сынап, оны «нағыз жымқыру» деп атады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау жүйесін цифрландыру барысын қатаң сынға алып, ведомстволардың бытыраңқы жұмысын «нағыз жымқыру» деп атады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының айтуынша, әрбір мекеме цифрлық жүйені өз бетінше дамытып жатыр, бұл шаруада ортақ жүйе жоқ. Осының салдарынан кейбір органдар қыруар қаржыны тиімсіз жұмсап отыр.

«Әр мекеме цифрлық жүйесін өз бетімен дамытуда. Бұл шаруа жүйесіз жүргізіліп жатыр. Біртұтас жүйе жоқ. Мысалы, кейбір органдар цифрлық тәсілдерді ұтымды қолданып жұмыс істеуде. Ал кейбірі дұрыс амал-тәсіл таба алмай, қыруар қаржы жұмсап жүр. Бұл, басқа сөзбен айтқанда, нағыз жымқыру. Сондықтан қаражатты орынсыз жұмсап, жаңа дүние жасаудың қажеті жоқ», – деді Президент.

Осыған байланысты Тоқаев Үкіметке қолданыстағы барлық цифрлық шешімдерді саралап, олардың тиімділігін арттыруды тапсырды. Негізгі мақсат – күштік құрылымдарға арналған бірыңғай цифрлық экожүйе құру.

Сонымен қатар Президент киберқылмыстың өршіп тұрғанына да тоқталды. Оның сөзінше, қазір интернеттегі алаяқтық қылмыстардың бестен бірі ғана ашылады, бұл – өте төмен көрсеткіш.

«Киберқылмыспен күрес тәсілдерін түбегейлі қайта қарау қажет. Цифрлық қатерге төтеп беру үшін құқық қорғау органдары бір қадам алда жүруге тиіс. Озық ойлап, артта қалмаудың амалын табу қажет», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ көші-қон үдерістерін цифрландырудың маңыздылығы айтылды. Президент қазіргі геосаяси ахуалда елге келген шетел азаматтарын уақтылы есепке алып, олардың жүріс-тұрысын бақылау қажеттігін жеткізді. Бұл міндет Үкіметке Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жүктелді.

Мемлекет басшысы азаматтардың дербес деректерін қорғау және ақпараттық кеңістікте таралатын деструктивті контентпен күресу мәселесін де көтерді. Ол жасанды интеллектінің ақпараттық қаруға айналу қаупі барын ескертіп, мұндай әрекеттерге заң аясында баға беріп, жауапкершілікке тарту керегін ескертті.

Фото: Ақорда

Ұқсас жазбалар

Президент Алатау қаласын дамытуды маңызды міндет деп санайды

Мемлекет басшысы Алатау қаласын дамытуды тағы бір маңызды міндет ретінде атады. Алатау әлемдік деңгейдегі арнаулы…

Қазақстан аумағы арқылы 13 ірі халықаралық көлік дәлізі өтеді

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласы еліміздің ұзақмерзімді даму стратегиясындағы маңызды бағыттардың бірі екенін айтты.

Мемлекет басшысы әлем технологиялық жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты

✔️Президент жасанды интеллект жаһандық дамудың қозғаушы күшіне айналады деп санайды. – Мемлекеттің инвестициялық саясатында жасанды…