Categories Жайық news

Жалған тіркеу салдары: Қазақстанның бірнеше өңірінде оқушылар тегін үйірмеден қағылуы мүмкін

Кейбір өңірлерде мектеп оқушылары дерекқордағы қате мәліметтің кесірінен тегін үйірмелер мен секцияларға арналған ваучерден айырылу қаупіне тап болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Бұл мәселеге алғаш рет әлеуметтік желі қолданушылары назар аударған. Олар eGov порталы арқылы балаларының деректерін тексергенде, олардың мектеп жанындағы тегін үйірмелерге қатысады деп жалған тіркелгенін байқаған. Сол кезде Оқу-ағарту министрлігі өңірлерде тексеріс жүргізетінін мәлімдеп, қате дерек тапқан ата-аналарға мектепке хабарласуға кеңес берген еді.

Кейінірек кейбір мұғалімдер ата-аналарға екі тегін үйірмеге бір уақытта қатысуға болмайтындықтан, балалар ваучерден айырылуы мүмкін екенін ескертті. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, мұндай қауіп қазіргі таңда Астана, Шымкент қалалары мен Ақтөбе, Атырау, Қарағанды және Қызылорда облыстарының тұрғындарына қатысты. Себебі бұл өңірлерде қосымша білім беруге бірыңғай мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша пилоттық жоба іске асырылып жатыр.

«Бала мемлекеттік қосымша білім беру ұйымында «мақсатты» ваучер иегері ретінде қате тіркелген жағдайда, оның жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында «әмбебап» ваучерді (жекеменшік үйірмелер мен секцияларға қатысу үшін) алу құқығынан айырылу қаупі бар. Осыған байланысты білім басқармаларына наурыз айында мәліметтерді өзектендіру жұмыстарын аяқтау тапсырылды», – делінген министрлік хабарламасында.

Осы жұмыстар аяқталғанға дейін аталған өңірлерде жаңа ваучерлер беру уақытша тоқтатылды.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Батыс Қазақстан облысында «50 жаңа аула» экологиялық акциясы жалғасуда

Батыс Қазақстан облысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында «50…

Сарыарқа ауданында соңғы екі жылда 50-ден астам аула жаңартылды

Астанадағы Сарыарқа ауданында соңғы екі жылда 50-ден астам аула жаңартылды. 2025 жылы 52 аула абаттандырылып,…

Обсуждены вопросы инвестирования в сферу науки 

В ЗКАТУ имени Жангир хана состоялся научно-технологический семинар «Технологии. Инвестиции. Партнерство: новые точки роста экономики»…