Categories Жайық news

Алаяқтық схемасы: Күдіктінің анасы жәбірленушіге 18,6 млн теңге төлеп берді

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Instagram желісіндегі жарнамаға алданып, алаяқтарға 18,6 миллион теңгесін аударып жіберген. Бұл іске қатысы бар деген күдікпен ұсталған жігіттің анасы жәбірленушіге келтірілген шығынның бәрін өтеп берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Әйел Instagram парақтап отырып, банктің атынан жарияланған «тиімді акция» арқылы мол табыс табуға шақырған жарнаманы көреді. Ол жарнамадағы сілтемеге өтіп, телефон нөмірін қалдырған.

Көп ұзамай оған Telegram арқылы өзін «инвестиция жөніндегі аналитик» деп таныстырған алаяқ хабарласып, арнайы мобильді қосымшаны орнатуға көндірген. Әйелдің сеніміне кіру үшін алаяқтар алдымен оған 25 мың теңге салдырып, артынша «бұл сіздің алғашқы пайдаңыз» деп, 11 мың теңгесін кері қайтарған.

Алғашқы «табысқа» масаттанған әйел оңай олжаға кенелетініне толық сеніп, eGov порталы арқылы несие алуға қойған тыйымын өз қолымен алып тастаған. Ол бірнеше банктен және туыстарынан қарыз алып, екі ай ішінде алаяқтардың шотына 18,6 млн теңге аударған. Алданғанын тек ақпан айында бір-ақ білген.

Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында Қостанай қаласының 25 жастағы тұрғынын ұстады. Ол бұл схемада «дроппер» рөлін атқарған, яғни жәбірленушіден түскен ақшаны өз картасына қабылдап, оны криптовалютаға айналдырып, негізгі алаяқтарға жіберіп отырған.

Тергеу соңында күдіктінің анасы жәбірленуші әйелге 18,6 млн теңгені толығымен өз қалтасынан қайтарып берді.

Бұл оқиға «инвестициялық схемалардың» қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді. Алаяқтар адамның психологиясын жақсы біледі: олар алдымен аз мөлшерде ақша салдырып, кейін сол ақшаның бір бөлігін «пайда» ретінде қайтару арқылы сенімге кіреді. Адам «шынымен ақша тауып жатырмын» деген иллюзияға беріліп, жиған-тергенін өз еркімен сала бастайды.

Сонымен қатар, «дроппер» болудың салдары ауыр екенін ұмытпаған жөн. Қазіргі заң бойынша, өз картаңды немесе шотыңды бөгде адамдарға ақша аударымы үшін беру – қылмыс болып саналады. Оңай табысқа кенелемін деп ойлағандар қатты қателеседі, себебі кез келген қаржылық операциядан цифрлық із қалады және қылмысқа қатысы бар адам міндетті түрде анықталады.

Ұқсас жазбалар

Қытайлық компания жыл соңына дейін 12 млрд теңге инвестиция салады 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында аймақта алғаш рет…

Әке – отбасының тірегі: Оралда облыстық форум өтті

Бүкіл ел бойынша Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның…

Батыс Қазақстан облысында дайын құжаттарды жеткізу бойынша жаңа сервис іске қосылды

Енді өңір тұрғындары мамандандырылған ХҚКО-дан дайын құжаттарды өздеріне ыңғайлы мекенжай бойынша жеткізуге тапсырыс бере алады.…