Categories Жайық news

«Досымды құтқарып қалдым деп ойлаймын»: Жапаров Ташиевті қызметтен босату себебін түсіндірді

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) төрағасы Қамшыбек Ташиевті қызметінен босатуына қатысты мәлімдеме жасады. Ол бұл шешімді елдегі ықтимал қақтығыстың алдын алу және мемлекет тұтастығын сақтау үшін қабылдағанын айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Президент бұл жағдайға қатысты өз міндетін атқарғанын және мемлекет мүддесін достықтан жоғары қойғанын атап өтті.

«Басты заңымызда «Президент – мемлекеттің тұтастығын, елдің және мемлекеттік қызметкерлердің бірлігін сақтайды» деп міндеттелген. Мен сол міндетімді атқардым. Өйткені мемлекеттің мүддесі мансап пен достықтан да биік тұрады. Істің бәрі Жоғарғы Кеңестен басталды. Кейбір депутаттық топтар басқа депутаттарды шақырып алып: «Біздің жағымызда боласың ба, әлде олар жақта боласың ба?» деп бөліне бастады. «Ол жағың мен бұл жағың кім?» деп сұрағандарға: «Біз жақ деген – Генерал жақ, ол жақ деген – Президент жақ» деп іс жүргізе бастаған. Бұл бөліну ақсақалдарға да жетті. Олар мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап етіп, қол жинай бастады. Мен шұғыл шешім қабылдамасам, ел екіге жарылатын еді. Өйткені келіспеген кей депутаттарды Генералмен қорқытып, «біздің жаққа өтпесең, ісің Генералмен болады» деген фактілер анықталды. Сол себепті осындай шешім қабылдауға тура келді. Мен осы арқылы досымды құтқарып қалдым деп ойлаймын. Өйткені оның айналасында жүргендер досымды тура жолдан адастырып бара жатқан. Егер Қамшыбек Ташиевті қызметтен алмасам, бұл іс насырға шауып, қоғамда да, мемлекеттік қызметкерлер арасында да бөлініс пайда болып, арты қақтығысқа ұласып кетуі мүмкін еді», — деді Садыр Жапаров.

Сондай-ақ, Садыр Жапаров Қамшыбек Ташиевпен билікті кезектесіп басқару туралы ешқандай келісім болмағанын кесіп айтты.

«Қырғызстан – демократиялық ел. Мемлекетті кім басқаратынын екі-үш адам емес, Қырғызстан халқы шешеді. Конституцияға сай, әрбір адамның сайлау және сайлану құқығы бар. Ел кімге сенім артады, сол президент болып сайланады. Сондықтан «кезек-кезек басқару» деген әңгіме демократиялық принциптерге де, саяси мәдениетке де сыймайды», — деп атап өтті ол.

Жоғарғы Кеңес спикерінің отставкаға кетуіне қатысты пікір білдірген президент оның өз қателігін түсінген болуы мүмкін екенін болжады.

«Бәлкім, ол кісі адасқандардың ықпалына түсіп кеткен шығар. Соны сезіп, өз қатесін түсініп, депутаттар арасында бөлінуге жол бергеніне өзін айыпты санап, осындай шешімге келген болар», — деді президент.

Садыр Жапаров Қамшыбек Ташиевпен достық қарым-қатынасы сақталатынын, бірақ мемлекет тыныштығы бәрінен биік екенін мәлімдеді.

«Достығымыз сақталады. Қамшыбек Қыдыршаұлын қызметтен аларда оған хабарласып, жағдайды түсіндірдім. Жоғарыда айтқанымдай, менің шешімім мемлекетіміздің тыныштығы мен бірлігі үшін қабылданды. Біздің достығымыз қандай да бір қызметке немесе пайдакүнемдікке байлаулы емес», — деп сөзін қорытындылады.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда жасанды интеллект университеті ашылады: Президент министрге жаңа тапсырмалар жүктеді

Президент Тоқаев Ғылым министрі Саясат Нұрбекті қабылдады. Жасанды интеллект университетін ашу және ғылымды дамыту мәселелері…

«Бастығыңыз хабарласып тұр»: Қазақстанда телефон алаяқтарының жаңа схемасы пайда болды

Қазақстанда телефон алаяқтарының жаңа түрі тарады. Енді олар өздерін басшы ретінде таныстырып, азаматтардың ақшасын алдап…

Жарты ғасырлық үзілістен соң: NASA астронавтарды Айға қайта аттандырды

NASA 50 жылдық үзілістен кейін алғаш рет Айға астронавттарды аттандырды. «Артемида-2» миссиясы Ай бетіне қайта…