Categories Саясат

Ермұрат Бапи: Әлемде саяси ахуал ушыққан тұста жаңа Конституция жобасының маңызы арта түсті

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ермұрат Бапи жаһанда саяси ахуал ушығып тұрғанда Қазақстан өзі таңдаған жолынан таймай, ел қауіпсіздігі үшін батыл бастамаларға бет бұруға тиіс екенін атап өтті.

Ермұрат Бапи осы бағытта біз үшін ең маңызды бастама ретінде жалпыхалықтық референдумға ұсынылған жаңа Конституцияның жобасы екенін атап өтті. Сондай-ақ ол қоғам көптен күткен нақты саяси өзгерістер бастамасының маңызын түйсінбей, қиямпұрыс қылық танытып жүрген жекелеген азаматтар бар екенін сынға алды.

«Осы ретте бірден сұрайын, жаңа Конституцияның жобасын оңды-солды, тисе терекке, тимесе бұтаққа деп сынаушылар ескі жүйенің «диірменіне су құйып» жүргендерін біле ме екен? Жалпы, елдің іші мен сыртындағы нақты реализм мен конструктивизмнен жұрдай сыншылық бүгінгі жағдайда тап-таза популизмнің үлгісі болмақ. Иә, Ата заңның жобасындағы жекелеген баптарда сыртқы тәуекелдерді өз қолымызбен тудырмас үшін, сабырға дес берудің сақтық қажеттілігі жасалғанын жасыруға болмайды. Бұл – жаһандық тұрақсыздық күшейген кезеңде мемлекеттің ішкі бірлігін, басқару тиімділігін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сақтық шарасы», деді депутат.

Мәжілісмен қоғамда «Жаңа Конституция суперпрезиденттік жүйені қайтадан қалпына келтіреді» деген қаңқу сөздердің тарауы жаңсақ пікір екенін де жеткізді.

«Біз бұл жаңа Конституцияны қабылдаған соң, «ескі Қазақстанмен» толық қош айтысамыз! 2022 жылғы Конституциялық реформалар кезінде біз суперпрезиденттік модельден бас тартып, бір рет сайланатын жеті жылдық классикалық президенттік жүйеге көштік. Мемлекеттік саяси қызметтегі туыстық ықпал мен мүдделер қақтығысы конституциялық негізде жойылды. Сондықтан ескі жүйенің етжақын «өкілі билікке қайтып келеді» деген қауесеттің ешқандай негізі жоқ», деді ол.

Ермұрат Бапи 15 наурызда өтетін референдумда Ата заңды қолдау немесе оған қарсы дауыс беру қақысы әркімнің азаматтық ерік-жігеріне байланысты шешім болғанмен, азаматтарға әлемдегі саяси ахуалды қаперге алуды да еске салды.

«Жер-дүние соғыс дүмпуімен теңселіп тұрған кезде, бізге бітіспес теке-тірес қажет пе, жоқ әлде елдің ертеңі мен тәуелсіздіктің тұрақтылығына жандәрмен азаматтық жауапкершілік артық па? Біз елдік және территориялық тұтастыққа тәнтіміз бе, әлде бізді іштен ірітуге әуес әлдекімдердің әупіліне желігіп, тоз-тоз боп жүре берейік пе? Осы сұрақтардың сұлбасы тұрғысынан айтар болсам, мен 15 наурызда баршаңызды референдумға қатысуға шақырамын», деді Ермұрат Бапи.

Ұқсас жазбалар

«Қазақстан Халық Кеңесі» қоғамдық келісімнің жаңа тетігі бола ала ма?

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев «Қазақстан Халық Кеңесі» туралы Конституциялық заң жобасын…

Түркияның үздік ЖОО-да тегін оқу: Қазақстан азаматтарына арналған «Абай – Акиф Ерсой» стипендиясы іске қосылды

Қазақстан азаматтары Түркияның үздік оқу орындарында тегін оқи алады. «Абай – Акиф Ерсой» стипендиялық бағдарламасы…

50 жасқа дейінгі әскерге бармаған ерлерді қайта даярлау ұсынылды

Қазақстанда әскерге бармаған 50 жасқа дейінгі ер азаматтарды қайта әскери даярлықтан өткізу ұсынылды.