Президент Еңбек министрі Асқарбек Ертаевты қабылдады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Мемлекет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевты қабылдап, ведомствоның 2025 жылғы жұмыс қорытындысы мен биылғы бес айдағы нәтижелері туралы есебін тыңдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік міндеттемелер толығымен орындалып жатқаны айтылды. 2025 жылы зейнетақы, базалық жәрдемақы және басқа да әлеуметтік төлемдерге 5,9 триллион теңге жұмсалса, биылғы бес айда бұл көрсеткіш 2,7 триллион теңгені құрады.

Министр мүгедектігі бар жандарды қолдау және жұмысқа орналастыру шаралары жөнінде баяндады. Биыл 12 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі азамат еңбекке тартылған. Жыл соңына дейін мүгедектікті белгілеуге арналған цифрлық талдау тетігін енгізу жоспарлануда.

Мемлекет басшысы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттырып, еліміздің аймақтарында 7 жаңа оңалту орталығын ашу міндетін қойды. Бұл қызметтердің қолжетімділігін жақсартып, ерекше қажеттілігі бар жандарға жан-жақты қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Халықты еңбекпен қамту бағытында қолға алынған шаралар туралы мәлімет берілді. Ел көлемінде 201 мыңға жуық азамат, соның ішінде 74,9 мың жас жұмыспен қамтылды. Биыл лайықты жалақы төлеп, әлеуметтік аударымдарды үзбейтін әрі еңбек қауіпсіздігін сақтайтын тұрақты және орнықты жұмыс орындарының санын 3,1 миллионға дейін жеткізу міндеті қойылды.

Жасанды интеллект технологияларын енгізу аясында Маңғыстау және Павлодар облыстарында «Жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі» пилоттық режимін іске қосу жоспарланды.

Еңбек қатынастарын реттеу бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде айтылды. Электрондық форматта 6,7 миллион еңбек шарты жасалған. Мекемелердің 118 мыңнан аса жұмыскері міндетті сақтандыру шартымен қамтылды. Еңбек инспекторларының көмегімен 22 мыңнан аса жұмыскердің құқығы қорғалды. Өндірістік жарақаттану мен жазатайым оқиғалардың алдын алуға ерекше назар аударылуда.

Кәсіптік тәуекелдерді айқындау, оқыту үдерісін автоматтандыру және төмендетілген жалақыны анықтау үшін цифрлық шешімдер енгізу қарастырылған. Саланы одан әрі цифрландыру, еңбек адамының құқығын қорғау, мұқтаж жандарға көмек көрсету және әлеуметтік масылдықпен күрес жөнінде бірқатар тапсырма жүктелді.

Президенттің айтуынша, қабылданған шаралардың барлығы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы қажет.

Ұқсас жазбалар

Синоптиктер 6 шілдеге арналған ауа райы болжамын жариялады

Қазақстанның басым бөлігінде 6 шілдеде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Солтүстік және шығыс өңірлерде найзағай мен…

Полицияға үш күнде 2400-ден астам жасөспірім жеткізілді

1-3 шілде аралығында бірнеше өңірде балалар қауіпсіздігіне бағытталған профилактикалық іс-шаралар өтті. Полицияға 2400-ден астам жасөспірім…

Алматы тауларында жарақат алған 18 жастағы турист қыз құтқарылды

Үлкен Алматы көлі маңында 2300 метр биіктікте 18 жастағы турист қыз аяғын жарақаттап, құтқарушылар көмек…