Categories Жайық news

ArtSport ісі: Кәсіпкер мүгедек балаларды «оқытып», 1,4 млн теңге алған

Көкшетауда ArtSport бағдарламасы арқылы мемлекеттің 1,4 млн теңгесін жымқырған кәсіпкер әйел сотталды. Ол каратэ үйірмесін ашқан болып, бірақ жаттығуларды өткізбей, жалған құжат жасап келген.

Сот материалына сәйкес, кәсіпкер ArtSport электронды платформасына қызмет көрсетуші ретінде тіркеліп, Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан балаларды каратэге оқытуға рұқсат алған. Алайда, іс жүзінде жаттығулар өткізілмеген, ал балалардың сабаққа қатысқаны туралы табельге жалған мәліметтер енгізіліп отырған.

Осылайша, 2022 жылдың мамыры мен 2023 жылдың қыркүйегі аралығында алты бала үшін мемлекеттік бюджеттен 1,4 миллион теңгеден астам қаражат заңсыз иемденген. Шығын Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына келтірілген, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Сотталушы өз кінәсін мойындамай, табельдерді көмекшілері толтырғанын, ал балалар сабаққа қатысты деп мәлімдеген.

Алайда сот оның уәждерін негізсіз деп тапты. Бірнеше ата-ана балаларының бір-екі сабақтан кейін үйірмеге баруды тоқтатқанын және ешқандай табельге қол қоймағанын айтты. Тізімде сабаққа «қатысқан» болып көрсетілгендердің арасында мүгедектігі бар балалар да болған.

Ата-аналардың сөзін жаттықтырушының көмекшісі де растады. Ол ресми еңбек шартынсыз жұмыс істегенін және сотталушының нұсқауымен балалар сабақта болмаса да, табельді толтырғанын мойындады.

Бұл деректер мобильді мессенджердегі хат алмасулар арқылы да дәлелденді.

Сот әйелді Қылмыстық кодекстің 190-бабы 2-бөлігінің 3 және 4-тармақтары бойынша кінәлі деп таныды. Оның бас бостандығы 2 жылға шектелді. Сондай-ақ оған үш жыл бойы материалдық-жауапты лауазымдарды атқаруға және қаржымен байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Бұдан бөлек, сотталған әйел жаза мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан қоғамдық жұмыстарға тартылады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, іс бойынша апелляциялық шағым түсірілді.

Ұқсас жазбалар

Павлодардағы трагедия: Жер астында қалған бес жұмысшының екеуі көз жұмды

Павлодарда су құбырын жөндеу кезінде бес жұмысшыны топырақ басып қалды. Екі адам қаза тауып, тағы…

Допинг дауы: Жәнібек Әлімханұлы IBF рейтингінен толықтай шығарылды

Допинг дауына байланысты Халықаралық бокс федерациясы (IBF) қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлын орта салмақтағы рейтингінен алып…

Орал қаласының педагогы бір уақытта 5 мектепте жұмыс істеген  

Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысының білім беру жүйесі де цифрлық басқару әдістерін қолдана отырып, оқу…