Categories Жайық news

Қазақстандағы инфляция: Сарапшы бағаны өсіретін үш негізгі қауіпті атады

2025 жылы Қазақстанда инфляция 12,3%-ға жетіп, 2024 жылғы көрсеткіштен (8,6%) едәуір асып түсті. Бұл 2026 жылға күрделі негіз қалыптастырып отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жанәлинаның пікірінше, алдағы уақытта баға динамикасы өсімді тежейтін және оны жеделдететін күштердің арасалмағына байланысты болады.

«Баға динамикасы тәуекелдер мен мемлекет тарапынан қабылданатын қатаң шектеу шараларының тепе-теңдігімен анықталады. Қазақстанның азық-түлік, энергия тасымалдаушылар және логистиканың әлемдік бағасына қатты тәуелді екенін түсіну керек. Кез келген сыртқы соққы ел ішіндегі бағаға лезде әсер етеді, бұл жағдайда шектеулер көмектеспейді», – дейді сарапшы.

Венера Жанәлина инфляцияны өршітетін бірнеше негізгі факторды атап өтті.

Экспорттық түсімнің аздығы. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 116,3 млрд долларды құрап, 2024 жылғы кезеңмен салыстырғанда 0,7%-ға азайған. Оның ішінде экспорт 4,6%-ға қысқарса, импорт керісінше 4,7%-ға өскен.

Теңгеге түскен қысым. 2025 жылы доллар бағамы тұрақсыз болып, қыркүйек айының соңында 550 теңгеге дейін жетті. Бұл 2024 жылғы ең жоғары көрсеткіштен (525,8 теңге) әлдеқайда көп.

Капиталдың сыртқа кетуі. 2025 жылдың екінші тоқсанында елден 1,7 млрд доллар капитал шығарылды, бұл 2024 жылғы ұқсас кезеңдегі көрсеткіштен ($1,3 млрд) артық. Бұған негізінен тікелей инвестициялардың ($1,1 млрд) азаюы себеп болған.

Осы факторлардың жиынтығы валюта нарығына тұрақты қысым жасайды: экспорттың азаюы валюта ұсынысын шектесе, импорттың өсуі сұранысты арттырады. Ал капиталдың кетуі экономикадағы валюта көлемін одан әрі азайтады.

Дегенмен, сарапшы бағаның өсуін тежейтін шаралар да бар екенін айтады. Олардың қатарында Ұлттық банктің 18%-дық базалық мөлшерлемені ұстап тұрған қатаң ақша-несие саясаты, жаһандық инфляцияның баяулауы және логистиканың тұрақтануы бар. Қазақстан Ресей, Қытай және Кавказ елдері арқылы өтетін транзиттік дәліздерді тиімді пайдалана бастады, бұл іркілістерді азайтып, тарифтерді тұрақтандырды.

«2026 жылы бағаның өсу сценарийі әлі де өзекті. Бұған теңгенің әлсіреуі, жаңа Салық кодексіне көшу және халық пен бизнестің инфляциялық күтулері қысым жасайды. Мәселен, 2025 жылдың өзінде азық-түлік – 13,5%, ақылы қызметтер – 12%, ал басқа тауарлар 11,1% қымбаттады», – деп қорытындылады Венера Жанәлина.

Ұқсас жазбалар

Елдің бір бөлігінде аяз, енді бірінде – боран: Қазақстандықтарды демалыста қандай ауа райы күтіп тұр?

Синоптиктер алдағы демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялады. Елдің кей аймақтарында аяз болса, кейбірінде…

Клиника басшысынан 1 млн теңге бопсалаған: Түркістандық блогердің үстінен іс қозғалды

Түркістан облысында клиника басшысынан 1 миллион теңге бопсалады деген күдікпен 32 жастағы блогер әйел ұсталып,…

Reuters: Шетелдіктердің «ыстық ақшасы» теңгені құнсыздандыруы мүмкін

Reuters агенттігінің хабарлауынша, шетелдік алыпсатарлардың «ыстық ақшасы» теңгеге қауіп төндіруде. Капиталдың кетуі валютаның құнсыздануына әкелуі…