Денсаулық сақтау министрлігі мектеп медицинасын жаңғырту аясында балалардың профилактикалық тексерулерін жаңа форматқа көшіруді жоспарлап отыр. Енді мектеп оқушыларын тексеру тек дәрігер кабинетінде емес, мектеп жағдайында да жүргізіледі.
Министрліктің мәліметінше, жаңа жүйе 1 қыркүйектен бастап енгізіледі. Бұл өзгеріс ата-аналарға балаларын емханаға апару уақытын үнемдеуге көмектеседі. Сондай-ақ, тексерулердің сапасын арттыру көзделген.
«Жаңа форматта мектеп медбикелері мен дәрігерлері бірлесіп жұмыс істейді. Балалардың денсаулық картасы электронды түрде жүргізіледі», — деді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.
Пилоттық жоба ретінде жаңа жүйе алдымен бірнеше өңірде сынақтан өтеді. Содан кейін бүкіл Қазақстан бойынша енгізілмек. Батыс Қазақстан облысы да осы тізімге кіреді.

