Categories Жайық news

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйледі

«Бүгін елімізде – Полиция күні және Мемлекеттік қызметші күні аталып өтуде. Сондықтан, алдымен, еліміздегі полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мейрамдарымен құттықтаймын.

Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет. Сіздер заң мен тәртіпті сақтауға және азаматтардың құқығын қорғауға зор үлес қосып жүрсіздер.

Қазір дүние жүзі алмағайып, бұлыңғыр, яғни, өте күрделі кезеңді бастан өткеруде. Осындай құбылмалы уақытта қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – айрықша маңызды міндет.

Сол себепті, бүгін біз алғаш рет осындай құраммен жиналып отырмыз. Құқық қорғау жүйесіндегі барлық жауапты құрылымдар жұмыла жұмыс істеуі қажет.

Елімізде «Заң мен тәртіптің» қатаң сақталуына қоғам өкілдерінің қосар үлесі де орасан зор. Қазір осы жиынға орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары, депутаттар, сарапшылар және белсенді азаматтар қатысып отыр.

Күштік құрылымдарды жаңғырту ісінде жаңа буынның атқаратын рөлі ерекше. Сол себепті, бүгінгі басқосуға академиялардың курсанттары да арнайы шақырылды.

Трансұлттық қылмыстық топтармен күресу үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту өте маңызды. Осы жерде бүгін шетелдік полиция атташелері отыр. Құқық қорғау органдарымен жүргізіп жатқан халықаралық ынтымақтастық жұмысы үшін Сіздерге ерекше ризашылығымды білдіремін.

Соңғы жылдары елімізде барлық салада ауқымды реформалар жасалып жатыр. Мемлекеттің саяси жүйесі мен экономикалық құрылымы түбегейлі жаңғыруда. Ел ішінде жоғары құқықтық мәдениет қалыптасып келеді. Азаматтық жауапкершілік идеологиясы берік орныға бастады. Бұл – біздің стратегиялық бағдарымызға тән аса маңызды басымдық.

Мемлекет құқық қорғау жүйесін жетілдіруге және барлық салада заң мен тәртіп орнатуға баса мән береді. Осы бағытта нақты нәтижеге қол жеткіздік.

2019 жылдан бері қылмыстық құқықбұзушылық саны шамамен екі есе азайды. Соның ішінде қарақшылық, тонау, ұрлық пен бұзақылық деңгейі 4 есе төмендеді, ал кісі өлтіруге қатысты қылмыстар 30 пайызға кеміді. Қоғамдық орындардағы қылмыс саны 80 пайызға азайды. Бұл – азаматтарымыз көшеде ештеңеден қауіптенбей, алаңсыз жүре алады деген сөз.

Келесі маңызды міндеттің бірі – отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес және әйелдер мен балаларды қорғау. Осы бағытта заңнамалық, институционалдық тұрғыдан батыл қадамдар жасалуда. Отбасылық зорлық-зомбылық жасағаны үшін берілетін жаза едәуір күшейтілді. Бір жыл бұрын тиісті заң қабылданды. Заңға енгізілген түзетулер мен басқа да шаралар нақты нәтиже бере бастады. Орташа және ауыр деңгейдегі отбасылық-тұрмыстық қылмыс саны жыл басынан бері 30 пайызға төмендеді.

Жалпы, соңғы 5 жылда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар екі есе азайды. Ең бастысы, қазір қоғамдық сана түбегейлі өзгеріп жатыр. Азаматтарымыздың бойында отбасындағы қатігездік пен озбырлыққа мүлдем төзбеушілік қасиеті қалыптасуда.

Зардап шеккендерге қол ұшын беретін, ал құқық бұзушыларды жазғыратын қайырымды қоғам орнығып келеді. Елімізде «Қазақстан балалары» атты арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Құжатта өскелең ұрпақтың мүддесін қорғауға арналған маңызды тетіктер ұсынылмақ.

Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді жұмыс атқарылуда. Биылдың өзінде 83 есірткі зертханасы жойылып, айналымнан алынған есірткі заттарының көлемі 84 пайызға ұлғайды. Есірткі өндіргені үшін берілетін жаза қатаңдатылды. Тіпті, өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Бірақ бұл саладағы жұмыс әлі де толығымен біткен жоқ, түйткілдер жеткілікті, шешілмеген мәселелер еліміздің қауіпсіздігіне, тұрақтылығына сын-қатер төндіруде. Бүкіл қоғамды алаңдатып отырған ең қауіпті үрдіс: жастар нашақорлыққа үйір бола бастады. Бұл – үлкен қатер, оны жасырмауымыз керек.

Қазақстанда кірісті жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің халықаралық озық стандарттарға сай тиімді жүйесі қалыптасты. 2019 жылдан бері ЖІӨ-дегі көлеңкелі экономиканың үлесі 23 пайыздан 16 пайызға дейін төмендеді. Бірақ әлі жоғары деңгей сақталып отыр. Мемлекет жауапкершілігі мол әрі адал кәсіпкерлерді қорғап, қолдау білдіреді.

Менің арнайы тапсырмам бойынша Бас прокуратура жалпы сомасы 34 триллион теңге болатын шетелдіктердің қатысы бар жүздеген инфрақұрылымдық жобаға құқықтық тұрғыдан көмек көрсетіп келеді. Алайда отандық бизнесті негізсіз қылмыстық қудалау мәселесі толық шешімін тапқан жоқ. Бас прокуратура бұл жұмысты жалғастырғаны жөн.

Жемқорлыққа қарсы күресу үшін нақты, жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Менің тапсырмаммен сот арқылы жемқорлардан алынған қаражат мектептер салуға жұмсалуда. Үш жылдың ішінде 89 мектептің құрылысына 150 миллиард теңгеден астам қаражат берілді (соның ішінде 61 мектеп пайдалануға берілді).

Дегенмен қазіргі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайда жемқорлыққа қарсы күресті тиімді жүргізу үшін жаңа тәсілдер қажет. Біз қонақжайлық индустриясының әлеуетін мақсатты түрде нығайтып, туризмді дамытамыз және шетелдік қонақтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән береміз.

Бүгінде Қазақстанға келген әрбір туриске әуежайдан қауіпсіздік жадынамасымен бірге мобильді байланыс пен базалық интернет пакеті бар жаңа сим-карта беріледі.

Қазақстанды жайлы әрі қауіпсіз мемлекет ету – бәрімізге ортақ міндет. Біз азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғай білуіміз керек. Ел ішіндегі тыныштық пен тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл – халықтың әл-ауқаты мен еліміздің табысты дамуына тікелей ықпал ететін фактор. Сондықтан біз бүкіл құқық қорғау жүйесінің әлеуетін арттыруымыз қажет. Осылайша, Қазақстан аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге зор үлес қосатын ел ретіндегі мәртебесін нығайта бермек.

Құқық қорғау органдары түбегейлі өзгерістерге дайын болуға тиіс. Түйткілдің бәрін жан-жақты ойластырып, жоспарлы түрде шешу қажет. Құзырлы органдардың негізгі мақсаты – нақты нәтижеге қол жеткізу.

Заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Заң – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Біз осы ақиқатты терең түсінетін азаматтық және мәдени орта қалыптастыруымыз қажет. Тәртіп – жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну – әркімнің өмір салтына айналуға тиіс. Мемлекеттік аппарат пен бүкіл қоғам жұмылып жұмыс істесе, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Озық ойлы ұлт болу үшін әдептілік, өзара құрмет, ұстамдылық, сыпайылық сияқты қасиеттерді барынша дәріптеген жөн. Азаматтарымыз әдеп пен заңды мәжбүрлікпен емес, саналы түрде сақтауы керек.

Заң мен тәртіп басты құндылыққа айналса, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, есірткі саудасы, лудомания сияқты қатерлердің тамырына балта шабылады. Біз былтыр Ұлттық құрылтайда осы әлеуметтік кеселдермен ымырасыз күрес мәселесін талқыладық.

Өскелең ұрпақтың бойына жасампаздық қасиеттерді сіңіріп, оларды тәртіпке баулу қажет. Бұл – ата-аналар мен білім беру жүйесінің ортақ міндеті. Балалар қоғамдық құндылықтардың мән-мағынасын ұстазынан үйренеді. Олардың мінез-құлқы негізінен мектеп қабырғасында қалыптасады. Сондықтан Үкімет білім мекемелеріндегі тәрбие жұмысын қайта зерделеп қарауы керек. Жас ұрпақты заңды сыйлауға үйрету мәселесіне баса мән берген жөн. Балалар мектептен «Адал азамат» болып шығуы қажет».

Әділетті әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін заң мен тәртіп үстемдігін түбегейлі орнықтыру керек. Бұл – барша азаматтың мүддесін, құқығы мен бостандығын қорғаудың мызғымас тірегі. Қоғамның құқықтық мәдениетін арттырып, құқық қорғау жүйесін жетілдіру қажет. Бұл – ауқымы кең маңызды міндет. Енді осы жұмыстың негізгі басымдықтарына тоқталайын.

Біріншіден. Біз «Заң және тәртіп» қағидатын жаппай дәріптеуіміз керек. Қазақ халқы қай заманда да заңға бас иген, дала заңын сақтаған халық. Бұл – біздің қанымызға сіңген қасиет.

Түрік қағанаты, Алтын Орда мен Қазақ хандығы мықты мемлекеттік құрылымы, бірегей құқықтық жүйесі бар қуатты ел болғаны бәрімізге аян. Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын Ұлы даланың конституциясы деуге болады. Атадан балаға жалғасқан бұл заңдар мемлекеттілік дәстүрін нығайта отырып, қоғамдық дамуға ерекше ықпал еткен. Ұлы далада еркіндік пен әділдік, ар-намыс пен адамгершілік, тілеулестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұрған.

Сондықтан «Заң және тәртіп» қағидаты ұлтымыздың рухы мен дүниетанымына толық сай келеді. Біз ата-бабамыздың бірегей құқықтық мұраларын мұқият зерделеп, жан-жақты насихаттауымыз керек. Бұл – халқымыздың құқықтық сана-сезімін арттыратын маңызды фактордың бірі.

«Заң және тәртіп» қағидаты жауапкершілікті сезіну мәдениетімен тығыз байланысты. Елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқаны жүріп жатқанын білесіздер. Бұл маңызды бастама халықтың кең қолдауына ие болды. «Таза Қазақстан» – озық ойлы қоғам құруға арналған идеологиялық тұғырнаманың ажырамас бөлігі. Бұл – тек қоршаған ортаның тазалығын емес, ой мен сана тазалығын сақтау деген сөз. Себебі қоғамдық әдеп пен заңға деген құрмет айналадағы тазалықтан басталады.

Жалпы, халықтың құқықтық мәдениетін көтеруге жан-жақты қараған жөн. Бүгін мен «Заң және тәртіп» апталығын жариялауды ұйғардым. Осы апта қоғамда заң мен тәртіпті насихаттау аптасы болмақ. Алдағы жеті күн құқықтық мәдениетті нығайтуға, сондай-ақ құқық қорғау органдарының абырой-беделін арттыруға арналуы керек. Алайда, бұл бір реттік акция емес. «Заң және тәртіп» апталығына азаматтардың құқықтық сана-сезімін көтеретін маңызды, жүйелі шара ретінде қараған жөн».

Екінші. Құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Қылмыс оған қолайлы жағдай жасаған жерде өршиді. Қылмыстың және заңға қайшы әрекеттердің салдарымен ғана күресуге болмайды. Қылмысқа түрткі болатын себептерді алдын ала анықтап, жойып отыру қажет.

Менің тапсырмаммен «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» Заң жобасы әзірленіп, Мәжілістің қарауына берілді. Жаңа заң аталған саладағы мемлекеттік саясатты біріздендіріп, профилактикалық шаралармен қамтылатын тұлғалардың санатын кеңейтеді. Мұндай заң сөзсіз керек. Сондықтан мейлінше тез қабылдау қажет. Парламент депутаттарынан заң жобасын жылдың соңына дейін қарап, қабылдауды сұраймын.

Заңнамалық өзгерістермен қатар, ұйымдық құрылымды да жаңғырту қажет. Ішкі істер министрлігі жүйесінде профилактикалық жұмыстарды үйлестіретін дербес бөлімше құратын уақыт келді.

Құқық қорғау органдарының тиімділігін бағалау жүйесіне де өзгеріс қажет. Онда құқық бұзушылықты ескерту бағытындағы жұмыс нәтижесі есепке алынуға тиіс. Қылмысқа көбінесе тұрмысы нашар отбасыдан шыққан адамдар барады.  Алдын алу шараларын жүзеге асырғанда дәл осы санатқа айрықша назар аударған жөн. Бұл ретте әлеуметтік қорғау органдары мен жергілікті билік маңызды рөл атқарады.

Көптеген құқық бұзушылық ұқсас жағдайда, бірдей факторлардың әсерінен орын алады. Тиісті деңгейде талдау жасалса, оны дер кезінде ауыздықтауға болады. Басқаша айтқанда, қылмыс қаупін болжау және оған қарсы іс-қимыл жүйесін қайта қарау керек. Ол үшін Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің әлеуетін толық пайдаланған жөн. Аталған ведомство жай ғана есеп сақтайтын орын емес, қоғамдық қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерді анықтайтын және ескертумен айналысатын орталық болуға тиіс.

Жасанды интеллект пен «үлкен дерекқор» мүмкіндіктерін жұмылдыру қажет. Көп ұзамай іске қосылатын суперкомпьютерімізді осы мақсатта пайдалануға болады.

Жалпы, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласына цифрлық технологиялар мен басқа да озық шешімдерді енгізуді жалғастыру керек. Мұнда салалық министрлік негізгі рөл атқарады. Жұмыс үдерісін барынша цифрландыруды тапсырамын. Бұл тиімділікті арттырып, жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

Жасанды интеллект технологиялары құқық қолдану тәжірибесін стандарттауға көмектеседі. Бұл, өз кезегінде, бірдей қылмыстық әрекет мүлде әртүрлі бағаланатын және азаматтарды қылмыстық процеске негізсіз тартатын жағдайды болдырмауға мүмкіндік береді.

Жыл басынан бері Президент Әкімшілігіне дәл осындай, яғни сотқа дейінгі іс жүргізу мәселесі бойынша үш мың шағым келіп түсті. Сондықтан цифрлық технологияның мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет.

Мысалы, қазір елімізде іске қосылған «Заң мен тәртіп» платформасын Электронды үкімет пен танымал банк қосымшалары арқылы қолдануға болады. Осы цифрлық платформаның арқасында азаматтарымыз полицияға тікелей және жедел түрде хабарлама жолдай алады. Осылайша, кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын іс жүзінде жүзеге асыруға ықпал етеді.

Мен Ақтөбе облысына сапарым кезінде Жедел басқару орталығында болдым. Орталықта жасанды интеллектінің көмегімен қаладағы ахуалға тәулік бойы бейнебақылау жүргізіледі. Полиция қызметінің тиімділігін арттыратын осындай орталықтарды еліміздің барлық қаласы мен ауданында ашу қажет. Әкімдер бұл жұмысқа белсенді түрде кірісуге тиіс.

Бұдан бөлек, «Қауіпсіз қала» ұлттық платформасын іске қосу керек. Бұл – қаладағы бейнебақылау құралдары енді адамның бет-жүзін анықтап, оның жүріс-тұрысына талдау жасап, көшедегі көлікті де есепке алады деген сөз. Мұндай озық технологиялар түрлі заңсыздықтың алдын алуға мүмкіндік береді, сол арқылы қоғамдық тәртіпті нығайта түседі.

Интернет және телефон алаяқтығының алдын алу мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Қылмыстың бұл түрі бүкіл әлемде белең алды. Көбіне мұндай іске тыңғылықты ұйымдасқан қылмыстық топтар барады. Олар шетелден әрекет ететіндіктен, тергеу амалдарын қиындатады. Сондықтан бұл ретте алдын алу шараларының мәні зор.

Өткен жылы Ұлттық банк жанынан заманауи антифрод-орталық ашылды. Олар күмән тудырған операцияларды анықтап, бұғаттап отырады.

Сонымен қатар өздеріне тиесілі инфрақұрылымды пайдалана отырып жасалған алаяқтық үшін банктер мен ұялы байланыс операторларына да жауапкершілік белгілеп жатырмыз.

Азаматтарымыздың жеке мәліметтерінің сенімді жерде сақталуын қамтамасыз ету өте маңызды. Халықтың қаржылық сауатын арттырып, қоғамда алаяқтардың әрекеттеріне иммунитет қалыптастыру үшін барлық деңгейдегі депутаттармен бірлескен жұмысты күшейткен жөн.

Алаяқтар ақшаны жылыстататын немесе сыртқа шығаратын құйтырқы айлаларына адамдарды алдап түсіреді. Бұл да үлкен проблемаға айналды. Азаматтарымыз пайдаға кенелеміз деп оларға банк есепшоттарын беріп қояды. Бірақ бұл әрекеттерінің салдары қандай ауыр болатынын ойлай бермейді. Соңғы бір жарым жылда 50 мыңнан астам адам осындай жағдайға душар болды. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі – жастар. Бұл мәселеге қатысты шұғыл шара қабылдау керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен бірге осындай шоттарды алдын ала анықтап, бұғаттайтын тиімді жүйені жолға қойғаны жөн.

Аталған мәселенің бір ұшы бақылаусыз сим-карта айналымына келіп тіреледі. Тек биылдың өзінде сим-карталарды басқа біреудің атына рәсімдеген 100 мыңға жуық факті анықталды. Нөмірлерді түрлі қылмыстық мақсатқа пайдаланады.

Үкіметке уәкілетті органдармен бірлесе сим-карталарды сату тәртібін реттеуді және оларды таратқаны үшін мобильді операторлардың жауапкершілігін күшейтуді тапсырамын.

Үшінші. Қылмыстық-атқару жүйесін ізгілендіру, жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Осыдан үш жыл бұрын елімізде жалпыұлттық референдум өтті. Азаматтарымыздың көпшілігі Ата заңға түзету енгізуді қолдап дауыс берді. Реформаның нәтижесінде еліміздің саяси құрылымы түбегейлі жаңғырды. Адам құқықтарын қорғау жүйесінде ауқымды өзгерістер жасалды. Конституциялық Сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілді. Оның құзыреті кеңейді. Өлім жазасы біржола алынып тасталды. Мұның бәрі – Конституциямызға тән ізгілік рухының көрінісі. Себебі Ата заңымызға сәйкес адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, бұл – ең қымбат қазына.

Биыл Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толады. Осыған орай, құқық қорғау құрылымдары, депутаттар мен құқық қорғаушылар сотталған азаматтарға рақымшылық жасау туралы бастама көтерді.

Парламент тиісті заңды қарады, мен бұл заңға қол қойдым. Осы ізгі шараның арқасында жазасын өтеп жатқан 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланды. Соның екі мыңнан астамы бостандыққа шығады. Қалғандарының жаза мерзімі қысқарады. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс жасағандар ғана рақымшылыққа ілінеді. Ең алдымен, әлеуметтік жағынан осал топқа жататын адамдарға, яғни, баласы бар әйелдерге, егде адамдарға, кәмелет жасына толмағандарға және осы санаттағы басқа да азаматтарға кешірім беріледі.

Мұны жаза басқан жандарға жасалған нақты көмек, олардың қоғамға қайта оралуына жағдай жасау деп түсіну қажет. Әл-Фарабидің сөзімен айтсақ, бұл – шын мәнінде қайырымды елге тән сипат.

Мемлекет шалыс қадам басқан азаматтан теріс айналмайды, тек оның тура, дұрыс жолға түсуіне жәрдем береді. Өйткені, әділетті елдің соты – әділ, ниеті түзу болуға тиіс. Бірақ рақымшылық жасау дегеніміз, бұл – барлық мәселенің шешімі емес, бір реттік қана шара екенін түсінген жөн.

Сондықтан осы бағытта нақты нәтиже болу үшін қылмыстық атқару жүйесін барынша жетілдіру қажет. Негізгі мақсат – сотталған адамды қоғамнан алшақтату емес. Тиісті тәрбие жұмысын жүргізу өте маңызды. Олардың бойына заң мен тәртіп құндылығын сіңіретін және қалыпты өмірге оралуына ықпал ететін озық тәсілдерді енгізу керек.

Мәселен, кейбір елде жазасын өтеушілер «қамау мерзімін қысқартуға» мүмкіндік беретін шараларды қолдана алады. Абақтыда ескерту алмаған, жаңа білім игерген, спорттық-мәдени шараларға қатысқан адамдарға осындай жеңілдік беріледі. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, осы мәселені мұқият пысықтауы қажет. Шетелдің озық тәжірибесін зерттеген жөн. Бұл жұмысқа отандық сарапшыларды да тарту қажет.

Жазасын өтеп жүргендерді қалыпты өмірге дайындаудың тағы бір тиімді жолы – еңбекпен, яғни, жұмыспен қамту. Бұл бағытта біраз түйткілдер бар, нақты шаралар қолдану керек. Осы орайда біздің кәсіпкерлеріміз жазасын өтеу мекемелерінің жанынан түрлі кәсіпорын ашу мүмкіндігін қарастыруы керек деп ойлаймын. Мұндай серіктестік шетелде кең тараған. Бұл шараның екі жаққа да тигізер пайдасы мол. Жазасын өтеп жүргендердің тапқан табысы бостандыққа шыққан соң олардың қалыпты өмірге оралуына көмектеседі. Ал өндірісте меңгерген дағдысы жақсы жұмыс табуына жол ашады.

Жалпы, бизнес өкілдері қылмыстық-атқару жүйесімен жан-жақты ықпалдастық орнату жолдарын мұқият саралағаны жөн. Мысалы, еліміздегі компанияның бірі өз қаржысын жұмсап, Алматыда кәмелет жасына толмаған құқық бұзушыларға арналған заманауи тәрбиелеу мекемесін салып жатыр. Үкімет мұндай тәсілді белсенді түрде қолдануы керек, басқа компанияларды осындай серіктестікке тарту қажет.

Біз қазір қылмыстық жаза саясатын мейлінше ізгілендіруге, жетілдіруге баса мән береміз, яғни бас бостандығынан айырудан бөлек жаза түрлеріне басымдық беріледі. Бұл пробация қызметіне анағұрлым көп салмақ түседі деген сөз. Сондықтан аймақ әкімдері осы салада жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік жағдайын біртіндеп жақсарту жолдарын қарастыруы керек. Сондай-ақ пробациялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуды қолға алу қажет. Пробациялық бақылауды тиімді жүргізуге септігін тигізетін цифрлық шешімдерді белсенді түрде енгізген жөн.

Жалпы, біз кез келген мәселенің салдарымен емес, себебімен күресуіміз керек. Қылмыстық-атқару жүйесінің басты мақсаты тек жазалау деген түсініктен арылу қажет. Қателік жасап, қамауға түскен адамды жаншып, басып тастауға тырысу – дұрыс емес, біз ондай адамның тура жолға түсіп, түзеліп кетуіне қол ұшын беруіміз керек. Бәріміз бір ел болып өркениетті, озық және әділетті қоғам құрып жатырмыз. Заң да, сот та – әділ болуға міндетті. Бұл – мызғымас қағида.

Төртінші. Құқық қорғау органдарының жұмысына сервистік модель қағидаттарын кеңінен енгізіп, кадрлық әлеуетін күшейту қажет.

Полиция мен басқа да құрылымдар билік және қоғам арасын байланыстыратын алтын көпір болуға тиіс. Ол үшін «Мемлекет пен азамат – біртұтас» деген іргелі қағидатымызға толық сай келетін халықпен қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастыру керек. Бұл бағытта ілгерілеу бар. Бірақ қабылданған шаралар әлі тиімділігін көрсетпеді, өйткені бірізділік жоқ. Халықпен тікелей жұмыс істеуге кедергі келтіретін басы артық бюрократиядан арылу керек.

Реформалардың шынайылығына, әділдікке және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне азаматтардың сенімі көбіне құқық қорғау органдарының кәсіби деңгейіне байланысты.

Учаскелік инспекторлардың әлеуетін одан әрі нығайту қажет. Себебі олар іс жүзінде мемлекет мен қоғам арасындағы басты дәнекер саналады. Әсіресе, бұл ауылдық жерде анық байқалады. Өйткені жергілікті тұрғындар үшін учаскелік инспектор – қорғаушы, құқықтық кеңесші, тіпті, әділдік сұрап жүгінетін соңғы инстанция. Менің ойымша, ауылдағы учаскелік инспекторларға шен берген кезде жеңілдік жасап, яғни бір жылдық еңбек өтілін 1,5 жыл деп есептеу қажет. Ауылдағы учаскелік инспекторларды баспанамен қамтып, материалдық-техникалық базасын нығайту керек. Өңір әкімдері осы мәселеге мұқият назар аударғаны дұрыс.

Учаскелік полицияны жаңғыртумен қатар патрульдік бекеттер қызметінің жұмысын қайта қарау қажет. Патруль қызметкерлері азаматтармен жұмыс барысында әдеп сақтап, кәсібилік танытқаны жөн. Өз кезегінде азаматтар да полицияның заңды талабына бағынуға міндетті. Әйтпесе көшеде тәртіп болмайды».

Ұқсас жазбалар

БҚО жылыту маусымына дайындықты пысықтап жатыр

Батыс Қазақстан облысында 2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық мәселелері талқыланды. Кеңесті облыс әкімі Нариман Төреғалиев…

Alatau City – Қазақстандағы алғашқы цифрлық қала болмақ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 10 күннің ішінде Алатау қаласына арнайы мәртебе беру туралы жарлық жобасын…

Түркістан облысында әкесін қорлады деген күдікке ілінген ер адам қамауға алынды

Түркістан облысында әкесін қорлады деген күдікке ілінген ер адам қамауға алынды,-деп хабарлайды Жайықмедиа.кз. Түркістан облысының…