Кеңтүбек ауылының тұрғындары спортпен шұғылдану үшін жазғы мезгілді күтетін. Себебі ауа-райының қолайсыздығынан спорттық ойындарды ұйымдастыруға мүмкіндік болмайтын. «AMANAT» партиясының бастамасымен ауылда спорт кешені құрылысы басталып, қазіргі таңда толық пайдалануға берілді.
Батыс Қазақстан облысының Кеңтүбек ауылында бой көтерген ғимарат партияның сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Жаңа нысан өткізу қабілеті бір мезетте 464 адамды құрайды және барлық заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған: әмбебап ойын алаңы, фитнес, күрес, тренажер, жаттығу залдары. Енді ауыл жастары бос уақытын тиімді өткізіп, кәсіби спортқа қадам баса алады.
Кеңтүбек ауылында бой көтерген жаңа спорт залы жергілікті тұрғындардың денсаулығын нығайтуға, балалар мен жастарды салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыруға бағытталған. Заманауи талаптарға сай жабдықталған нысан ауыл халқы үшін қолжетімді болып, бұқаралық спортты дамытуға серпін бермек.
— «Ауыл жастары воллейбол, футбол ойындарынан құрама құрып, түрлі сайыстарға белсене қатысып келеміз. Бұрын сайыстарға дайындалу үшін сырттағы алаңдарда, аулаларда ойнайтынбыз. Енді жаңа спорт кешенінде дайындық жүргізіп, жаңа жетістіктерге қол жеткіземіз деп сенеміз», – деп атап өтті Кеңтүбек ауылының тұрғыны.
Аталған спорт нысаны тек жастарға ғана емес, барлық жастағы ауыл тұрғындарына арналған. Жоба аясында құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше көңіл бөлініп, тиісті бақылау жүргізілген.
— «Бұл нысан ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға ықпал етіп қана қоймай, тұрғындардың спортқа деген қызығушылығын арттырады. Сонымен қатар, жас спортшылардың кәсіби деңгейде шыңдалуына жол ашады», – деп атап өтті облыстық партия филиалының атқарушы хатшысы Азамат Сафималиев.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында 2023 жылдан бері жалпы сыйымдылығы 1520 орындық 7 спорт нысаны ашылып, пайдалануға берілді. Бұл өңірде бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындардың денсаулығын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесін көрсетеді.

