Ресейлік режиссер Павел Таланкиннің «Господин Никто против Путина» атты деректі фильмі «Оскар» сыйлығын жеңіп алды, ал туынды кәдімгі мектептегі оқиғаларды баяндайды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Фильмнің ерекшелігі сол – ол кәсіби студияда емес, Ресейдің Челябинск облысындағы экологиясы нашар Қарабаш қаласының №1 мектебінде басталған. Таланкин бұл мектепте педагог-ұйымдастырушы әрі видеограф болып жұмыс істеген. Оның міндеті – мектептегі іс-шараларды таспаға тартып, білім басқармасына есеп ретінде видео дайындау болған.
2022 жылдан кейін оның жұмысының мазмұны өзгерген. Ол мектептегі патриоттық жиындар мен «маңызды әңгімелер» деп аталатын сабақтарды түсіре бастайды. Бастапқыда кәдімгі жұмыс көрінгенімен, уақыт өте келе Таланкин камера арқылы тұтас бір дәуірдің шындығын құжаттап жатқанын түсінеді. Себебі Ресей мектептері – сырт көзден таса, жабық жүйе, ал режиссер сол жүйенің ішінде жүріп, барлығын еш кедергісіз түсіре алған.
Кейінірек ол жинақталған материалдардың бір бөлігін шетелдік деректі фильм режиссері Дэвид Боренштейнге жіберіп, екеуі бірлесіп осы туындыны жарыққа шығарады. Фильмде мектеп қабырғасында соғысқа қатысты насихаттың қалай жүретіні, бұрынғы оқушылардың майданға аттануы және оның жасөспірімдер санасына әсері жан-жақты көрсетіледі.
Алайда фильмнің жарыққа шығуы үлкен дау тудырды. Көптеген журналистер мен көрермендер этикалық мәселе көтерді. Себебі фильмдегі оқушылар мен мұғалімдер өздерінің камераға түсіп жатқанын білгенімен, бұл кадрлардың әлем назарына ұсынылатын халықаралық деректі фильмге арналатынын білмеген.
Осы сынға қатысты Таланкиннің өзі былай деп жауап береді:
«Бұл – есеп. Бірақ мектепке емес, болашаққа арналған есеп. Бір күні адамдар “бір ұрпақ қалайша соншама агрессивті болып кетті?” деп сұрайды. Сол кезде жауап осы камерада болады», — дейді режиссер.
Фильмнен кейін Ресейдегі билікке жақын ақпарат құралдары оны «Ресейге қарсы фильм түсірген бұрынғы мұғалім» деп атаса, кейбір мемлекеттік агенттіктер оның «Оскар» алғаны туралы жаңалықты мүлде жарияламады. Тіпті Таланкин жұмыс істеген мектепке қауіпсіздік қызметінің өкілдері келіп, режиссердің атын атамауды және фильмді талқыламауды ескерткені туралы ақпарат тарады.
Ал фильмге түскен кейбір бұрынғы оқушылар, керісінше, туындыға ризашылығын білдірген. Олардың айтуынша, бәрі шынайы көрсетілген. «Біз мектепте жүріп-ақ «Оскар» алған фильмге түсіппіз ғой», – деп әзілдейді олардың кейбірі.
Фото: Әлеуметтік желіден

