Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстардың ушығуына байланысты азаматтарға 14 елге барудан уақытша бас тартуға кеңес берді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Ведомствоның ресми мәліметінше, аймақтағы ахуал толық тұрақтанғанға дейін Бахрейн, Мысыр, Израиль, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Қатар, Сауд Арабиясы, Кувейт, Ливан, БАӘ, Оман және Сирияға сапар шегу қауіпті.
Министрлік қазіргі уақытта сол аймақтарда жүрген қазақстандықтарға арнап, арнайы үндеу жариялады:
«Аймақтарда жүрген Қазақстан азаматтарын жеке қауіпсіздік шараларын күшейтуге, қауіпті аудандарға бармауға, жергілікті билік органдарының нұсқауын орындауға, соның ішінде зымыран шабуылынан қауіп келген жағдайда дереу баспаналарға баруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерімен, туроператорлармен және әуе тасымалдаушыларымен тұрақты байланыста болуға шақырамыз».
Жағдайдың қаншалықты күрделі екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінен де аңғаруға болады. Президент Иран тарапынан Біріккен Араб Әмірліктеріне жасалған зымыран және дрон шабуылдарын қатаң айыптап, мұндай әрекеттерді ақтауға болмайтынын және кез келген дау тек дипломатиялық жолмен шешілуі керектігін атап өтті.
СІМ ескертуіне қарамастан, қауіпті аймақтарға сапар шегуге тырысып жатқандар әлі де бар екені айтылады. Сондықтан жоспарланған сапарлар болса, оны кейінге қалдырған жөн. Сонымен қатар, Таяу Шығыстағы көптеген елдің әуе кеңістігі жабық екенін ескерген абзал.

