Жаңақала түлектері аудан орталығына кіреберіске «Киіз үй жобасы» аллеясын салып берді

Жаңақала ауданында мектепті тәмамдағанына 30 және 40 жыл толған түлектер аудан орталығының кіреберіс қақпасы маңына «Киіз үй жобасы» аллеясын салып, елге ерекше тарту жасады. Жоба мақсаты – аудан орталығында ауыл азаматтарының демалысын ұйымдастыру, көгалдандыру, жас ұрпақты қазақтың қара шаңырағы киіз үй мен киелі домбырасын дәріптеуге шақыру, Отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Ұлттық нақышта безендірілген аллеяның құны — 10 миллион теңге. Ауданы 720 шаршы метрді құрайтын аллеяның ішінде биіктігі 3 метр 60 см болатын 8 қанатты темір киіз үй мен қазақтың ұлттық аспабы — домбыра орналасқан. Бұл игі іс түлектердің туған жерге деген құрметі мен перзенттік парызын көрсетеді.

Аллеяның ашылу салтанатына Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев арнайы қатысып, түлектерге елге жасаған үлгілі істері үшін алғыс айтты. Аудан басшысы өз сөзінде:

— «Туған жерге туыңды тік» деген халқымыздың ұлағатты сөзіне сай, сіздер елге үлгі боларлық игі іс жасап отырсыздар. Бұл — тек бір реттік шара емес, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі бастама, — деп атап өтіп, алғысхат табыстады. Келесі болып сөз алған Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ақын Закария Сисенғали түлектердің игілікті ісіне ризашылығын айтып, аллея тек көріктендіру нысаны ғана емес, сонымен бірге рухани-мәдени мұраны ұлықтайтын ескерткіш екенін тілге тиек етті.

Ел игілігіне берген нысанның салтанатты лентасын ауданымыздың құрметті азаматы Закария Жүсіпқалиұлы мен ардагер ұстаз Жансалқам Рақымғалиқызы қиып, «Айзере» әжелер ансамблінің ақ жаулықтылары шашу шашты.

Иә, түлектер тарту еткен киіз үй аллеясында Қазақстанның халық жазушысы, абыз тұлға Әбіш Кекілбайұлының «Күй астанасы – Жаңақала» деген қанатты сөзі, сондай-ақ арнайы жасалған домбыра сағасына қазақ күй өнерінің ұлы тұлғалары – Құрманғазы, Мәмен, Динадан бастау алып, сол дәстүрді Тоғайбай, Оқап, Қали сынды тарландар жалғастырғаны, ал олардың ізін Тұяқберді, Шамғон, Мамай сынды күй тарланбоздары жалғағанын көрсетіп бедерленіп жазылған. Түлектердің тартуымен салынған аллеяда тек рухани емес, экологиялық тұрғыдан да мәнге ие болды. Алаңды абаттандыру жұмыстары аясында 78 түп ағаш отырғызылып, көгалдандыру шаралары жүргізілген.

Салтанатты шарада түлектер атынан сөз сөйлеген Ерлан Абдиров киіз үй аллеясы жобасын жүзеге асыру барысында ақылдасып, қолдау көрсеткен барша ауыл азаматтарына алғыс білдірді. Киіз үйдің дәнекерлеу жұмыстарын сапалы орындаған, Кеңес Одағының Батыры Мәжит Жүнісовтің ұрпағы Нұрбек Жүнісовке ерекше ризашылығын білдіріп, оған естелік сыйлық табыс етті. Сонымен қатар, аллеяны ресми түрде ауыл игілігіне беру мақсатында киіз үй макеті жобасының құжаттарын ауылдық округ әкімі Ақан Қапановқа табыстады.

Игі істің жалғасы ретінде Жаңақала ЖОББМ-нің 20 жылдық түлектері де Жаңақаланың оңтүстік беті Мәстексай, Жаңажол, Жаңақазан ауылдық округтерінің бағытындағы күре жолға қақпа орнатты. Аудан көркін ашып, жолаушыларға бағыт көрсету мақсатында тұрғызылған қақпаның құны 1 млн 350 мың теңгені құрайды.

Қақпаның ашылу салтанатында аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаев құттықтау сөз сөйлеп, түлектерге елге деген жанашырлығы мен үлгілі бастамасы үшін алғыс айтты.

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатқан Рита Рақымқызы мен Есенгүл Ысқаққызына салтанатты лента қию рәсімі ұсынылып, шашу шашылды. Содан соң түлектер атынан сөз алған Қуаныш Досмухамбетов қақпаның тұрғызылуында ауызбіршілікпен жасалған жұмыстың нәтижесі үшін 2005 жылғы түлектерге алғыс білдірді.

 

Сыйлыхан ЖҰМАСАЛЫҚ

Ұқсас жазбалар

Түркістан облысында әкесін қорлады деген күдікке ілінген ер адам қамауға алынды

Түркістан облысында әкесін қорлады деген күдікке ілінген ер адам қамауға алынды,-деп хабарлайды Жайықмедиа.кз. Түркістан облысының…

Трамп: АҚШ ХАМАС-пен кепілдегілер бойынша келіссөз жүргізіп жатыр

АҚШ ХАМАС-пен кепілдегілер бойынша келіссөз жүргізіп жатыр,-деп жазады Жайықмедиа.кз. АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның ХАМАС…

Жапония премьер-министрі қызметінен кетуге дайын

Жапония премьер-министрі қызметінен кетуге дайын,-деп хабарлайды Жайықмедиа.кз. Жапония премьер-министрі Сигэру Исиба отставкаға кету туралы шешім…