Енді шетелдік орындаушылар Қазақстанда концерт бермес бұрын, орындайтын әндерінің тізімін жергілікті әкімдікпен алдын ала келісуге міндетті болады. Сенат креативті индустриялар туралы заңға осындай түзетулерді мақұлдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Жаңа ережеге сәйкес, концерт ұйымдастырушылары іс-шарадан 30 жұмыс күні бұрын қажетті құжаттар мен әншінің толық бағдарламасын әкімдікке ұсынуы тиіс.
Маңызды өзгерістің бірі – билет сатылымына қатысты. Бұдан былай ұйымдастырушылар алдымен әкімдікпен ресми келісімшарт жасап, содан кейін ғана билеттерді сатылымға шығара алады. Бұрын бұл процесс керісінше болатын.
Сонымен қатар, егер әртістің репертуарында есірткіні, порнографияны насихаттайтын немесе мемлекеттік құрылысты бұзуға шақыратын әндер болса, оларды орындауға тыйым салынуы мүмкін.
Егер концерт барысында заңбұзушылықтар анықталса, жергілікті билік оны тоқтатуға немесе толығымен өткізбей тастауға құқылы.
Мәдениет министрлігінің өкілдері бұрын мұндай концерттер туралы көбіне әлеуметтік желіден біліп отырғанын, енді бұл процесті «өркениетті елдердегідей» реттегісі келетінін мәлімдеді.
Фото: Әлеуметтік желіден

