Қазақстан мен Пәкістан $200 млн келісім жасасты: Ендігі мақсат – $1 млрд

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пәкістанға мемлекеттік сапары аясында екі елдің бизнес форумы өтіп, оның нәтижесінде құны 200 миллион долларға жуық 30-дан астам келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы форумды ұйымдастыруға бастамашы болған Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифке алғысын білдіріп, бұл сапар екіжақты қарым-қатынастың тарихи кезеңі екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі ел серіктестікті стратегиялық деңгейге көтеруге бағытталған Бірлескен декларацияны қабылдаған.

«Бүгінгі бизнес форум барысында жалпы сомасы 200 миллион долларға жуық 30-дан аса келісім жасалды. Бұл бауырлас халықтарымыздың сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастығын одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Осы оң үрдіске арқа сүйей отырып, екіжақты сауда көлемін 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуды көздейтін өршіл мақсат қойдық», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, екі ел арасындағы серіктестік қазірдің өзінде қарқынды дамып келеді. Мәселен, былтыр тауар айналымы екі есеге жуық өскен. Ал Қазақстанда пәкістандық капиталдың қатысуымен 200-ден астам компания құрылыс, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі сияқты салаларда жұмыс істеп жатыр.

Тоқаев Пәкістан бизнесмендеріне Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Ол Қазақстан Орталық Азиядағы экономикасы ең ірі ел екенін, былтыр экономика 6,5 пайызға өсіп, ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллардан асқанын еске салды.

«Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың долларға жетті. Бұл біздің нарықтың орнықты және экономикалық әлеуеті жоғары екенін көрсетеді. Экономикалық стратегиямыз сауда мен инвестицияны әртараптандыруға, инновацияларды ынталандыруға бағытталған», – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент инвесторлар үшін «бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа сияқты құралдардың іске қосылғанын айтты.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас жазбалар

Қазақстанда 18 мамырда ауа райы қалай болады: ыстық пен жаңбыр күтіледі

18 мамырда Қазақстанда ауа райы құбылмалы: оңтүстікте ыстық, солтүстікте жаңбыр күтіледі. Батыс Қазақстанда ауа температурасы…

Бірнеше өңірде ауа райы күрт нашарлайды: ТЖМ ескерту жасады

Қазақстанның бірнеше аймағында ауа райы күрт нашарлайды. ТЖМ тұрғындарды сақтық шараларын күшейтуге шақырып, ресми хабарламаларды…

Астанада LRT тоқтап қалды: жолаушылар есікті ашып жіберген

Астанадағы LRT желісі жолаушылардың есікті ашуынан тоқтап қалды. Әкімдік кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тартуды жоспарлап отыр.