Премьер-министр Олжас Бектенов ғылым мәселелеріне арналған жиында конституциялық реформалардың маңызына тоқталып, жаңартылған Ата Заңды болашаққа бағдарланған прогрессивті құжат деп бағалады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia ақпарат агенттігі.
Үкімет басшысы Ұлттық ғылым академиясының мүшелерімен, мемлекеттік орган басшыларымен және бизнес өкілдерімен кездесу өткізді. Жиында ғылыми жобаларды іске асыру және ғалымдарды қолдау шаралары талқыланды. Осы орайда Олжас Бектенов қоғамдағы саяси және экономикалық өзгерістерді көрсететін жаңа Конституцияның маңызын түсіндіру қажеттігін атап өтті.
«Ата Заңның жаңа жобасы – болашаққа бағдарланған прогрессивті құжат. Онда адам және оның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілді. Біз Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» үстемдік құрған «Әділетті Қазақстанды құру» идеясының халықтан кең қолдау тапқанын көріп отырмыз. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы саяси жүйенің тұрақтылығын нығайта түседі», — деді Олжас Бектенов.
Кездесу барысында ғылыми орта өкілдері де конституциялық реформаларды қолдайтынын білдірді. Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев бұл өзгерістер елдің ұзақмерзімді ғылыми-технологиялық дамуына негіз болатынын жеткізді.
«Жаңа Конституция жобасы адам құқығы мен бостандығын мемлекеттің басты басымдығы ретінде бекітіп қана қоймай, Қазақстанның ғылыми-технологиялық дамуының негізі саналады», — деді Ақылбек Күрішбаев.
Ал академик Вячеслав Локшин ғылымды мемлекеттің тұрақты дамуының негізі ретінде қарастырудың маңызы зор екенін айтты. Оның пікірінше, бұл ғылымның ел үшін қосалқы емес, тікелей стратегиялық ресурс екенін мойындауды білдіреді.
«Бүгінгі таңда медицина ғылымының дамуы – ғылыми прогресс қана емес, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік пен орнықты денсаулық сақтау жүйесін нығайтудың негізгі факторы. Конституцияның жаңа жобасында ғылымды мемлекеттің тұрақты дамуының негізі ретінде қарастыру аса маңызды», — деді академик.
Сондай-ақ жиында жасанды интеллект, цифрлық диагностика, телемедицинаны дамыту және ғылыми кадрлар әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.
Фото: Әлеуметтік желіден

